Фото: Тengrinews.kzҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев министрліктің кең ауқымды интернет желісімен қосымша 2 миллионға жуық ауыл тұрғынын интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы министр бүгін Астана экономикалық форумы аясында министрлік пен Дүниежүзілік банктің бірлесіп ұйымдастырған Building a Digital Future дөңгелек үстел мәжілісінде баяндады.
"Мен Қазақстанның сандық қоғам құру жолындағы жетістіктері туралы айтып бердім. Сонымен қатар ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 2020 жылға дейінгі жоспарын ортаға салдым", - деп жазды Абаев Facebook желісіндегі ресми парақшасында. Оның айтуынша, мына жоспарлар қолға алынған:
- кең ауқымды интернет желісімен қосымша 2 миллионға жуық ауыл тұрғынын қамтамасыз ету;
- сандық сауаттылық деңгейін 85 пайызға дейін, ал электрондық қызметтерді пайдаланатын азаматтар үлесін 70 пайызға дейін ұлғайту;
- сандық эфирлік хабар тарату желісімен халықтың 95 пайызын қамту;
- ақпараттандыру саласындағы мемлекеттің күрделі шығыстарын азайтып, жобаларды жеке инвестициялар есебінен жүзеге асыруға өту;
- электрондық үкімет сервистерінің кемінде 80 пайызын "бұлтты" инфрақұрылымға көшіру.
"Сандық әлем өте жылдам өзгеріп жатыр. Бұл өзгерістерден шет қалу - жаһандық экономика көшінен ұзақ жылдарға қалып қоюмен бірдей", - деді министр.
Дереккөз: Тengrinews.kz