Фото: premierminister.kzҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қырғыздарды ренжіткен сөздері үшін кешірім сұрап, өз ойының теріс мағынада қабылданғанын жеткізді. Бұл туралы вице-министр Ғалым Ахмедьяровтың жазған хатында айтылған,- деп хабарлады Baq.kz.
«23 мамыр күні "Қазақстан" концерт залында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы халықпен кездесіп, 2015 жылы атқарылған жұмыстарға есеп берді. Сұрақ-жауап барысында министр өзінің сүйікті жазушысы Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығына қатысты сауалға жауап берген болатын. Министрдің осынау сөздерін БАҚ өкілдері толық бермей, үзіп алып цитата ретінде жариялады. Салдарынан, А.Мұхамедиұлының сөздерінің мағынасы өзгеріп шыға келді. Оны кейін БАҚ өкілдері тағы талқылап жатты. Шындығында, ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың алдында бас ие отырып, министр оның шығармаларының терең мағыналы екенін, жүрегінде өз ұлты жайлы мыңдаған орамның бар екенін жеткізгісі келген еді.
Министр қазақстандықтарға жазушының дана сөздерін айтты: "Біз - адамдар, бәріміз бір қайықтамыз, алдымызда үлкен мұхит" деп... Біз осы қайықты әлемде болып жатқан жағдайлар шайқамаса дейміз. Қалай болғанда да, біз өзіміздің рухани мұраларымыздан, мәдениетімізден бас тартпауымыз керек, ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпауымыз тиіс.
Сондай-ақ, Шыңғыс Айтматовтың өмірлік философиясын мысалға келтіре отырып, министр бауырлас халықтардың тарихы, діні, дәстүрі және мәдениеті ортақ екенін, енді одан әрі даму үшін бір-бірімізден үйренеріміз көп екенін айтты.
Біз терең тарихы мен керемет мәдениеті бар, Толомыш Океев пен Сүйменқұл Чокморов секілді таланттарды дүниеге әкелген қырғыз халқын ұлы болашақ пен экономикалық тұрақтылық күтіп тұрғанына сенімдіміз. Біз - қазақстандықтар мен қырғызстандықтар өз даналарымыздың сөздерін есте сақтап, эволюциялық даму жолымен бірге жүруіміз қажет. Біз министр Арыстанбек Мұхамедиұлының қырғыз халқына үлкен құрметпен қарайтынын тағы да айтқымыз келеді және оның кешегі сөздерінде біреуді ренжітейін деген ой болған жоқ. Ол өз сөзі мен ойының теріс мағынада қабылданғаны үшін кешірім сұрайды», - делінген вице-министрдің хатында.
Айта кетейік, кеше атқарылған жұмыстарына есеп берген Арыстанбек Мұхамедиұлы Мәскеу дәретханаларын жуып жүрген қырғыздың бойжеткендері туралы айтқан болатын. «Жасыратыны жоқ, Мәскеуге немесе өзге қалаларға ұшып келсең қоғамдық дәретханаларды жап-жас қырғыздың қыздары жуып жүреді. Бұл әрине, көңілге ауыр тиетіні сөзсіз. Нағыз жастық шағында неліктен олар дәретхана жуып жүр деп ойлайсың? Елінде жұмыс немесе болашақ болмаса әрине, қырғыздар өзге қалаларға барып күнелтуге мәжбүр. Осыны ертеректе біліп ескерткен Шыңғыс Айтматов — ұлы жазушы», - деген болатын Арыстанбек Мұхамедиұлы сол есептік жиында.
Мұнан кейін Қазақстанның танымал азаматтары, қоғам белсенділері мәдениет министрі үшін бауырлас қырғыз халқынан кешірім сұраған.
Естеріңізге сала кетейік Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрлігі елдегі Қазақстан Республикасы Елшілігінің кеңесші-елшісі Ербол Ахметовты шақырып, Қазақстанға қарсылық нотасын жолдаған болатын.
Дереккөз: Вaq.kz