21 мамырда рұқсат етілмеген митингіде 44-тен астам журналистің құқығы бұзылды, деп хабарлады ҚазТАГ«Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорына сілтеме жасап.
Қор мәліметтерінше, 21 мамырда Астанада, Алматы, Қарағанды, Атырау, Орал мен Ақтөбеде 31 БАҚ-тың 42 журналисті ұсталды. Одан басқа, Жезқазғанда ешқандай себебін түсіндірместен, үйінен шыға берісінде бір журналисті ұстауға әрекет жасалған, Алматыда «Время» газетінің тізшісінен диктофонды алып қоймақшы болған. Одан басқа, Ақтөбеде «Диапазон» газетінің журналистінің диктофонын ұстау кезінде бұзып тастаған.
Сондай-ақ «Уральская неделя» газетінің бас редакторы Тамара Еслямова тек ұсталып қана қоймай, оған «бейбіт жиналыс, митингілер, шерулер өткізу тәртібі туралы заңды бұзғаны үшін» Т106 мың теңге айыппұл салынды. Алматыда «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлына «қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін» Т42 мың айыппұл салынды.
Хабарда айтылғандай, ұсталған журналистер арасында Vласть, Ratel, «Мегаполис», «Свобода слова», «Трибуна», «Дала мен қала», Nur.kz, 101 TV, «Ақ Жайық», «Уральская неделя», «Диапазон», радио «Азаттық», «Новости-Казахстан» АА, «Россия сегодня», «Интерфакс-Казахстан», ИТАР-ТАСС, «Дат», «Жас Алаш», «КТК-42», «Мой город», «Дана», Esquire, «Новая газета» редакцияларының қызметкерлері болған.
Бұрын хабарланғандай, 21 мамырда Қазақстанның бірқатар қалаларында ҚР Жер кодексін қабылдауға қарсы рұқсат етілмеген митингілер болып өтті. Митингілерде ұсталғандар арасында әр түрлі БАҚ-тардың журналистері болды. ҚР ІІМ әкімшілік полициясының комитет басшысы Игорь Лепеха журналистердің ұсталуын түсінбеушіліктен болды деді.
«Иә, өкінішке қарай, ұсталғандар арасында журналистер де болды, бірақ мен ол әдейі жасалмаған, жаңылысудан болғанына сенімдімін. Кейін біз қызметкерлеріміздің әрекетін талдап, мұндай оқиғалар келешекте орын алмауы үшін шара қолданамыз»,- деді ол сенбі күнгі брифингте.
Еске салсақ, 21 мамырда Жер кодексіне енгізілмекші түзетулер бойынша азаматтық белсенділерге митингі өткізуге Атырау, Алматы, Астана, Орал мен Павлодар қалаларының әкімшіліктері рұқсат бермеді. Қазақстанның қалаларындағы бірқатар белсенділер қамауға алынды.
Дереккөз: ҚазТАГ