"Митинг өтеді" делінген күні Азаттық сайты ашылмай, тілшілері полиция қамауына ілікті. Елдің бірнеше қаласында орталық алаңдарға шыққан адамдарды полиция әкетіп жатыр,- деп хабарлады Азаттық.
Жер мәселесіне қатысты бүкілқазақстандық митинг өтеді делінген 21 мамыр күні полиция халық көп жиналатын орынға барған журналистер мен қарапайым азаматтарды ұстай бастады.
АЛМАТЫ
Қаладағы "Сарыарқа" кинотеатрына маңында Азаттық тілшісі Асылхан Мамашұлы мен "Жас Алаш" газетінің фототілшісі Асылхан Әбдірайым полиция ұстап, Әуезов аудандық ішкі істер бөліміне алып кетті.
Азаттық тілшісі Вячеслав Половинконы да полиция ұстап әкетті. Оның айтуынша, ұсталған адам біршама. Тілші өзін полицияның 16-бағыттағы автобусқа мінгізіп, Алмалы аудандық ішкі істер бөліміне апара жатқанын хабарлады.
Алматыда Азаттық тілшілері Нұртай Лаханұлының да ұсталғаны, ал Қасым Аманжолұлын полиция ұстап, біраздан соң босатқаны белгілі болды.
"Әділ сөз" ұйымы "Дат - Общественная позиция" газетінің "бас оқырманы" Ермұрат Бапиды да үйінен шыға бергенде полиция ұстап, Алмалы аудандық ішкі істер бөліміне апарған. Бұған дейін құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаевты да полиция ұстап, сол жерге апарғаны жарияланған еді.
Қазір Алматыдағы Республика алаңы мен оған жапсарлас көшелерде полицейлер көбейе бастады. Алаңның әр тұсында тұрған полиция қызметкерлері мен азаматтық киімдегі адамдар алаңға жұртты кіргізбей, кей азаматтарды ұстай бастады. Сағат 11-лер шамасында Фурманов пен Сәтбаев көшелерінің қиылысындағы ЕTerrace кафесінің жанына отыз шақты адам жиналған. Полиция оларды кіргізбей, тарауын сұрап, ескерту жасаған. Жиналғандар тарамаған соң полиция 5-6 адамды ұстап, күштеп көлікке отырғызды.
Қазір Сәтбаев көшесі мен оның алаңды кесіп өтетін бөлігінде көлік қозғалысы шектелген. Алаң маңында он шақты микроавтобус пен автобус тұр. Қалалық ішкі істер департаменті кеше бұл маңнан "жанғыш сұйықтығы бар шөлмектер, арматура кесінділері, металл шыбықтар, бензин құйылған канистралар" табылғанын хабарлап, содан кейін полицияның "күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкенін" мәлімдеген. Алматы полициясы алада бес адам ұсталып, олардан "бірнеше атыс қару-жарағы мен оның оқ-дәрілері" тәркіленгенін де айтқан.
АСТАНА
Журналистерді ұстау оқиғасы Астанада да байқала бастады. Азаттық тілшілері Ержан Әмірханов пен Мәди Бекмағанбетті "Бәйтерек" монументінің жанынан полиция ұстап, Сарыарқа аудандық ішкі істер басқармасына апарды. Полиция бөлімшесінде Азаттық тілшілерінің құжаттарының көшірмесін түсіріп алған. Оларға қазір прокурор келіп, сөйлесетіні айтылған.
Астанадағы "Бәйтерек" монументі маңына келген өзге тілшілерді де полиция ұстаған. Vласть пен Ratel.kz порталдарының, «Интерфакс-Казахстан», «Новости-Казахстан», ИТАР-ТАСС, «Новая газета - Казахстан», "Россия сегодня" агенттіктерінің тілшілерінің полиция ұстап, біразын Алматы аудандық ішкі істер басқармасына әкеткен, кейбірін полиция автобусына кіргізіп алғаны хабарланды. Астана полициясы "Бәйтерек" маңына келген бірнеше қарапайым тұрғында да ұстап, автобустарына мінгізіп алған. Жай күндері халық көп баратын "Бәйтерек" монументі маңында бүгін қарапайым жұртшылық аз, полиция қарасы көп.
ШЫМКЕНТ
Бүгін Азаттықтың аймақтардағы тілшілері де полиция кедергісі кесірінен кәсіби міндеттерін атқаруда қиындық көрді. Шымкентте Азаттықтың Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша тілшісі Дилара Исаны таңертең таңғы сағат 9 шамасында үйінен шыққанда полиция ұстап алып кетті. Тілшінің айтуынша, бір полицей мен азаматтық киімдегі бір ер адам автобус аялдамасына дейін соңынан еріп барған. Ол жерден тілшінің автобусқа мінуіне кедергі жасап, түсіріп алып қалған.
- Полиция өкілі өз аты-жөнін айтудан бас тартты. Бірақ оны танып тұрмын. Ол 17 мамыр күні үйге келіп, өзін Еңбекші аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Еркін Балабаевпын деп таныстырған полиция қызметкері. Олар мені Еңбекші аудандық ішкі істер басқармасына «бастықпен сөйлесесіз» деп алып кетейін деп тұр. Қолдарында полицияға шақырту қағаздары жоқ. Осы жерге полиция көлігін шақыртты, - деді Дилара Иса.
Тілшіміз өзін полиция ұстағаны туралы телефонмен хабарлап тұрған кезде полицияның оны өз көліктеріне күштеп мінгізіп, телефонын тартып алғаны естіліп тұрды. Бұдан соң телефон байланысы үзілді.
Дилара Исаға бұған дейін, 18 мамыр күні Еңбекші аудандық прокуратурасы ескерту жасаған. Прокуратурада болған әңгіме кезінде прокурор Азаттық тілшісінен егер 21 мамыр күні митинг бола қалса, оған баратын-бармайтынын сұраған. Дилара Иса жиын өтсе, ол туралы хабар дайындайтын журналист ретінде кәсіби міндетін атқару үшін оқиға орнына баратынын айтқан. Соған қарамастан прокурор Азаттық тілшісіне «жеке тұлға» ретінде алдын ала ескерту хатын табыс еткен.
АТЫРАУ
21 мамыр күні полицияға ұсталғандардың арасында Азаттықтың Атыраудағы тілшісі Сәния Тойкен де бар. Оны қаладағы Исатай-Махамбет алаңы жанынан полиция ұстап, ұялы телефонын тартып алуға әрекет жасаған. Кейін полицияның тілшіні босатқаны, сәлден соң қайта ұстағаны белгілі болды. Сәния Тойкен бүгін Атыраудағы орталық алаң маңынан хабар жолдап жүрген.
Қазір Атырау қаласындағы орталық Исатай-Махамбет алаңы полиция қоршауына алынған. Алаңға кіре беріске металл қоршаулар орнатылып, полиция көлік пен жаяу жүргіншілерді алаңға кіргізбей тұр. Азаттық тілшісі алаң маңындағы ғимараттар төбесінде мергендер отырғанын байқаған.
ҚАРАҒАНДЫ
Бүгін сонымен қатар қарағандылық белсенді Айтқожа Фазылдың да ұсталғаны хабарланды. Белсенді Ғалым Ақылбековтің Facebook-те хабарлауынша, Фазылов өзін екі полицей мен тағы екі адам көлікпен алып кеткенін телефонмен хабарлап үлгерген.
21 МАМЫРҒА ДЕЙІНГІ ҚАМАУЛАР МЕН ЕСКЕРТУЛЕР
Қазақстанда мамырдың 17-сінен бастап полиция қысымы күшейді. Елдің түкпір-түкпірінде қысымға ұшыраған белсенділер мен қарапайым азаматтар арасында прокуратураға жауап беруге шақырылып, қайта босатылғандары да, сот арқылы 10-15 тәулікке абақтыға қамалғандары да, тіпті қылмыстық кодекс бойынша айыпқа іліккендері де бар. Астана мен аймақтарда полиция ұстаған, сот 15 тәулікке дейін абақтыға жапқан азаматтар 20-дан асты.
Қазір жер мәселесіне қатысты белсенділік көрсеткен не ол жайлы әлеуметтік желілердегі парақтарында жазған мына азаматтар полиция қамауында отыр: 1. Жанат Есентаев, 2. Макс Боқаев, 3. Талғат Аян, 4. Мақсат Ілиясұлы, 5. Бақытжан Төреғожина, 6. Марат Уатхан, 7. Сүйіндік Алдабергенов, 8. Қуат Күнболатов, 9. Мөлдір Адылова, 10. Манас Әбдіманап, 11. Қуаныш Сұлтанәли, 12. Махамбет Әбжан, 13. Бауыржан Әліпқалиев, 14. Исатай Өтепов, 15. Айболат Бөкенов, 16. Данияр Құлтаев, 17. Жадыра Дүйсенбекова, 18. Ибрахим Әлсерке, 19. Құрманғазы Рахметов, 20. Аслан Құрманбаев, 21. Фарит Ишмухаметов, 22. Кенжебек Сұлтанбеков, 23. Қасым Қожантаев, 24. Біржан Мұратбеков, 25. Лұқпан Ахмедьяров.
Наурыздың соңында ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев үкімет шілденің 1-інен бастап елде ауыл шаруашылығы жерлерін азаматтарға жеке меншікке аукцион арқылы сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартуды жоспарлап отырғанын хабарлаған. Сәуірдің 24-інен бері Атырау, Ақтөбе, Семей, Қызылорда, Ақтау, Жаңаөзен, Алматы,Орал қалаларында жер туралы заңға енгізілген өзгерістерге қарсы ірілі-ұсақты наразылық акциялары өткен.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл оқиғалардан соң, 5 мамырда жер кодексіндегі жұртты наразы еткен өзгерістердің күшіне енуіне осы жылдың соңына дейін мораторий жариялап, жер реформасы бойынша комиссия құруды бұйырған. Жер реформасы бойынша комиссияның екінші отырысы бүгін Астанада өтіп жатыр.
Дереккөз: Аzattyq.org