Сот «Қазақстанның бірінші арнасы" ("Первый канал Казахстана") телеарнасына қарсы шағым түсірген қарағандылық заңгердің шағымын қабылдады. Бұл туралы заңгер Facebook-тағы парақшасында жазды,- деп хабарлады Азаттық.
«Алматы қаласы бойынша Бостандық аудандық соты сіздің шағымыңыздың сот өндірісіне қабылданғаны және ол бойынша азаматтық іс қозғалғаны туралы хабарлайды» деп заңгер жоғары соттың сайтындағы ақпаратты келтірген.
Азаматтық істер бойынша Бостандық аудандық сотының хабарлауынша, алғашқы сот отырысы мамырдың 30-ы күні күндізгі сағат 15.00-ге белгіленді. Істі судья Татьяна Черныш қарайды.
Бұған дейін адвокат Нұржан Жұмабеков «Қазақстанның бірінші арнасы" қарайтын «Еуразия+ОРТ» компаниясының үстінен шағым түсіріп, моральдық шығын ретінде 100 мың теңге талап еткен болатын. Шағымға арнаның жүргізушісі Аймира Шаукентаеваның эфирден жер мәселесі бойынша митингтерді өткізген адамдарға "ақша төленгені" туралы таратқан хабары себеп болған.
Дереккөз: Аzattyq.org