Фото: Bnews.kzЕліміздің бұрынғы Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі басқармасының төрағасы болып тағайындалды. Холдинг басшысын ұжымға бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов таныстырды,- деп хабарлады ҚазАқпарат.
Еске сала кетсек, таяуда Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев отставкаға кетуге өтініш берген еді. ҚР Президенті министрдің өтінішін қабылдап, отставкаға жіберген.
Е. Досаев 1970 жылы 21 мамырда Алматыда туған. Н.Бауман атындағы Мәскеу жоғары техникалық училищесін, Алматы энергетикалық институтын бітірген «Тұран Әлем Банкі» ЖАҚ Басқарма төрағасының орынбасары, «АТФ Банк» ЖАҚ Басқарма төрағасы қызметтерін атқарды.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі, ҚР Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, ҚР Қаржы вице-министрі, Қазақстан Даму банкі Директорлар кеңесінің төрағасы, ҚР Табиғи монополиялар, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігінің төрағасы, ҚР Қаржы министрі, Қазақстандағы Еуропалық қайта құру және даму банкінің басқарушысы, ҚР Ұлттық Банкінің Басқарма мүшесі, ҚР Денсаулық сақтау министрі, «Қазинвестбанк» АҚ Директорлар Кеңесінің Төрағасы болды. 2012 жылғы 25 қыркүйектен ҚР Экономикалық даму және сауда министрі, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі қызметтерін атқарды. Отставкаға кеткенге дейін еліміздің Ұлттық экономика министрлігін басқарды.
Дереккөз: Іnform.kz