Фото: eurazis.kzЕуразия экономикалық комиссиясының макроэкономика және негізгі интеграциялық бағыттар бойынша министрі Татьяна Валовая (суретте) бүгін қазір Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) территориясында ортақ валюта енгізудің қажеттілігі жоғын мәлімдеді. Валовая ортақ валюта енгізуге "сұраныс та, шарт та жоғын" айтқан,- деп хабарлады Азаттық.
Татьяна Валоваяның сөзінше, ЕАЭО Еуропа Одағының (ЕО) тәжірибесін зерттеп, ЕО ортақ валюта енгізгенде "кейбір шарттарды ескермей, бірқатар қателік жіберген" деген қорытынды жасаған.
Наурыз айында Ресей президенті Владимир Путин Орталық банк пен Ресей үкіметіне ЕАЭО-ға мүше елдердің орталық банктерімен 1 қыркүйекке дейін ЕАЭО-да ортақ ақша шығару мәселесін пысықтауды тапсырған.
Өткен жылдың соңында Қазақстан Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев ЕАЭО-ға кіретін елдер ортақ валюта құру мәселесін талқыламайтынын мәлімдеген. Мұның алдында Қазақстан президентә Нұрсұлтан Назарбаев ЕАЭО-ның ортақ валютасын жасау мәселесі "күн тәртібінде тұрмағанын" айтқан.
ЕАЭО 2015 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс істей бастаған. Қазір одаққа Ресей, Қазақстан, Беларусь, Армения және Қырғызстан кіргенімен ұйымда Мәскеудің ұстанымы басымдыққа ие.
Дереккөз: Аzattyq.org