Фото: Tengrinews.kzТалғат Ермегияев пара алу туралы айыптаулармен келіспейтінін мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі сот залынан. "Астана ЭКСПО - 2017" компаниясынан мемлекеттік қаражатты жымқыру ісі бойынша басты фигурант Ермегияевтен жауап алынды.
"Маған баласы басқаратын компанияға келісімшартты алып бергенім үшін Ибаділдинадан делдалдар арқылы пара алды деген айып тағылып отыр. Бұл айыптаулар мына себептерден негізсіз. Біріншіден, мен Ибаділдиновадан бірде-бір тиын алған жоқпын. Істе оған дәлел жоқ. Ибаділдинаның өз сөзі ғана, ол өз жазасын жеңілдету үшін және өз баласы жауаптан құтылып кетуі үшін айыптаушылармен келіскен, оған және оның баласына тағылған айып толықтай дәлелденген", - деді сотталушы Талғат Ермегияев сот залында.
Сонымен қатар, өз жауабында осыған дейін сотта хабарланған өзге тұлғалардан ақша алмағанын мәлімдеді.
"Тұматаевтан да солай. Ешқандай ақша алған жоқпын. Ибаділдинаның маған беріп жіберді делінген ақшасын жеткізді делінген тұлғалардан жауап алынбады. Тұлғаларды да атай алмай отыр. Тергеу барысында ол (сотталушы Ибаділдина - Авт.) жауабын тоғыз мәрте өзгертті. Осы эпизод бойынша маған тағылып отырған айыптауларды жасаған жоқпын. Мен кінәлі емеспін. Менің кінәм дәлелденбеді. Менің айтып отырған сөздерімді прокуратура теріске шығармады", - деп мәлімдеді Ермегияев.
Айта кетейік, осыған дейін сотта Орал Ибаділдина Талғат Ермегияевке пара ретінде бірнеше рет қаражат жібергенін мәлімдеген болатын.
69 жастағы Орал Ибаділдина "Rona ltd" ЖШС меншік иесі, бұл ЖШС жоба және құрылыс жұмыстарымен айналысады. Ол ақшаны алған-алмағанын білу үшін Ермегияевпен кездескенін де айтқан еді.
Дереккөз: Тengrinews.kz