Қазақстанда жедел медициналық көмек қызметін шақыру ақылы болатыны туралы әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы таратылған ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда жедел медициналық көмекті шақыру қызметі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі тізіміне кіреді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу аясында 2017 жылдан бастап аталған қызмет республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің базалық пакетіне енеді.
Бұл пакет Қазақстанның барлық азаматтары үшін қолжетімді болмақ. Оған жедел жәрдем қызметі мен санитарлық авиация, әлеуметтік мәні бар және шұғыл жағдайларда көрсетілетін медициналық көмек, профилактикалық егу жұмыстары жатады.
Осылайша, жедел медициналық көмекті шақыру қызметі ҚР азаматтарымен қатар, республика аумағындағы шетел азаматтары үшін де тегін болып қала бермек.
Дереккөз:Іnform.kz