АҚШ-тың Флорида штатындағы Лейкленд қаласында өткен кәсіпқой бокстан WBA Fedelatin және WBA FideCaribe нұсқалары бойынша Әлем чемпионы Қанат Ислам мен Хуан де Анхель арасындағы жекпе-жек 6 раундтан асқан жоқ,- деп хабарлады ҚазАқпарат.
Бұл жолы жерлесіміз он раундқа жоспарланған кездесуді мерзімінен бұрын аяқтап, колумбиялық боксшыны техникалық нокаутпен тізе бүктірді.
«Қазақ» лақап атымен әлемдік кәсіпқой бокста таныла бастаған Қанат Исламның бұл шаршы алаңдағы 21-і кездесуі болатын. Ол бұған дейінгі жиырма кездесуінің барлығында жеңіске жетіп, оның 17-ісінде қарсыластарын нокаутпен сұлатқан еді. Енді нокауттер саны 18-ге жетіп отыр, соның ішінде жерлесіміз қатарынан алты кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады.
Қанат Исламның қарсыласына келсек, колумбиялық Хуан Де Анхель 2008 жылдан бері кәсіпқойлар арасында жекпе-жектер өткізіп келеді. Шаршы алаңдағы 22 кездесуінде біреуін тең нәтижемен аяқтап, 18 рет жеңіс тұғырына көтерілген. Бүгінгі нокаутты қоса алғанда төрт рет қарсыластарына есе жіберді. Екі боксшы да АҚШ-та жаттығады әрі екеуі де «Nelson Lopez Jr» промоутерлігінің боксшылары болатын.
Қанат Ислам бұған дейін 9-мамыр Жеңіс күніне орай жерлестері мен жанкүйерлеріне тағы бір «нокаутпен» сыйлық жолдайтынын айтқан болатын. Ол уәдесінде тұрды. Жеңіс құтты болсын, ағайын!
Дереккөз: Іnform.kz