"Мюзикола" тобының солисі Болат Сыздықов қайтыс болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл ақпаратты оның досы Асылбек Еңсепов растады.
"Ол ашық, мейірімді, жақсы адам болатын. Біз онымен ұзақ жылдар бойы таныспыз. Ең ауыры, оның біздің Батырхан Шүкеновтің қазасынан кейін бір жыл өткенде қайтыс болғаны. Мен бұған әлі сене алмай отырмын. Жақында ғана ол демалуға барып келді, қуанышты болып жүрді. Мұның бәрі бір ай бұрын ғана болатын. Оның үлкен жоспарлары болды, концерт өткізбекші болған. Ол аңызға айналған адам", -деді Еңсепов.
«Мюзикола» тобының негізін қалаушы Болат Сыздықовпен қоштасу Алматыда 10 мамырда сағат 11.00-де өтеді, деп хабарлады Facebook-тегі музыканттың жеке парақшасында,- деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қоштасу рәсімі Алматыда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филормониясында сағат 11.00-де өтеді.
«Қазақ мәдениеті мен өнері орны толмас қазаға ұшырады. 2016 жылғы 7 мамырда 60 жасқа қараған шағында белгілі музыкант, композитор, еңбек сіңірген өнер қайраткері Болат Мұратұлы Сыздықов дүниеден озды. Көрнекті өнер қайраткері туыстарының, достарының, әріптестерінің жүректерінде мәңгі сақталатын болады. Болат Сыздықовтың қайтыс болуына орай туыстарына, достарына, жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз», - делінген ҚР Мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Болат Сыздықов 7 мамырда Алматыда 60-қа қараған шағында мезгілсіз дүниеден өтті. Өліміне ұйыған қанның жарылуы себеп болған.
Қазақстандықтар Facebook әлеуметтік желісіндегі Б. Сыздықовтың парақшасына жаппай көңіл білдіруде.
2012 жылғы 5 желтоқсанда ҚР Президентінің Жарлығымен Болат Сыздықовқа Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері құрметті атағы берілген.
Дереккөз:Тengrinews.kz, Іnform.kz