Фото: akorda.kzМемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің Бюро отырысына қатысты,- деп хабарлады ҚР Президентінің ресми сайты.
Отырыс барысында Мемлекет басшысы атқарған жұмысы үшін А.Мырзахметовке алғыс айтып, партия Төрағасының жаңа бірінші орынбасары М.Құл-Мұхаммедті таныстырды.
Қазақстан Президенті партия Төрағасының бірінші орынбасары ретінде А.Мырзахметовтің өзіне жүктелген міндеттерді орындағанын, парламент сайлауын табысты өткізгенін атап өтті. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев А.Мырзахметовке жаңа лауазымында бірқатар кешенді міндеттерді, соның ішінде жер мәселесінің тиімді шешілуін жүзеге асыру қажет болатынын айтты.
А.Мырзахметов сенім артқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, тапсырылған жаңа салада өз міндетін жауапкершілікпен атқаруға дайын екенін білдірді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы М.Құл-Мұхаммедтің журналистік және заңгерлік білімі бар екеніне, әр жылдары Парламент Сенатының депутаты, Президенттің баспасөз хатшысы, кеңесшісі, Мәдениет министрі болып жұмыс істегеніне назар аударды.
Қазақстан Президенті партия Төрағасының жаңа орынбасары партияның қызметін одан әрі нығайту қажеттігін ескере отырып тағайындалғанын, «Нұр Отанда» бұл үшін қаржылық, кадрлық және материалдық ресурстың бәрі бар екенін атап өтті.
– Партия қуатты саяси күш болып қалуға тиіс. Барлық пікір, идеялар партиядан шығуы керек. «Нұр Отанның» өзінің талдау орталығы болуы қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
М.Құл-Мұхаммед өзіне сенім артылғаны үшін алғыс білдіріп, партияның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін бар күші мен білімін жұмсайтынын айтты.
Дереккөз: Аkorda.kz