Бүгін Ақордада өткен кеңес барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге қатысты Үкімет жанынан комиссия құруды тапсырды. Комиссияны бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев басқаратын болды,- деп хабарлады ҚазАқпарат.
«Халыққа ұнамайтын заңның керегі жоқ бізге. Бірақ та заңды алып тастағаннан кейін ауыл шаруашылығы қандай мүшкіл болатынын түсіндіру керек. Оны әрине асфальтта жүріп айқайлағандар емес, далада мал жайып, егін егіп жүрген диқандар біледі», - деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге қатысты ұстанымдарды айқындау үшін Үкімет жанынан комиссия құруды тапсырды.
«Біріншіден, Үкімет жанынан бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев жетекшілік ететін комиссия құруды тапсырамын. Ол комиссия мемлекеттік органдармен, қоғамдық органдармен мына шаруаны талқылап, нақты түсіндіріп, жер кодексіндегі даулы мәселелерге қатысты ұстанымдарды айқындап, Парламентке ұсыныстар беруі керек. Кейін, Парламентпен бірге қайтадан қараймыз. Түсінбей жүрген адамдардың барлығын сол талқылауларға шақыру керек. Бұл жұмысты «Нұр Отан» партиясы оның жанындағы демокартиялық күштердің біріккен коалициясы бар, ауқымды түсіндіру жұмысын жүргізу керек.. Оны жасырып, қымтыратын ештеңесі жоқ, бәріне белгілі экономика ғой», - деді Н.Назарбаев.
Дереккөз:Іnform.kz