Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Мұхтар Әблязовтің балдызы - Сырым Шалабаевқа қатысты іске байланысты түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Министрлік Шалабаевтың ісіне қатысты Литваға наразылық нотасының жолданғанын растады.
"Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің Литва Сыртқы істер министрлігіне наразылық нотасын жолдағанын растаймыз. Нотаның мазмұнын жариялау заңға қайшы. С. Б. Шалабаевты Қазақстанның және Украинаның құқық қорғау органдары іздеп жатқаны белгілі. Оған "БТА Банк" акционерлік қоғамының қаражатын жымқырды және ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында оны жүзеге асырды деген айып тағылды", - делінген хабарламада.
СІМ мәліметінше, Лондонның Жоғарғы соты Сырым Шалабаевтың қылмысқа қатысы барын анықтаған. "Бұл мәселеге қатысты қосымша ақпаратты Қазақстанның құқық қорғау органдары бере алады", - делінген министрліктің жауабында.
Айта кетейік, шетелдік ақпарат құралдары наразылық нотасының жолдануы Сырым Шалабаевқа баспананың ұсынылуымен байланысты екенін болжады.
Шалабаев 28 шілдеде Вильнюсте ұсталды. 30 шілдеде Вильнюстің жергілікті соты оны 3 айға қамауға алу туралы шешім шығарды. 2011 жылы Сырым Шалабаевты сотқа құрметсіздік көрсеткені үшін Лондонның Жоғарғы соты 18 айға бас бостандығынан айыру туралы жаза кескен болатын. Дегенмен ол сот төрелігінен қашып, нәтижесінде оған іздеу жарияланды.
Еске сала кетейік, Сырым Шалабаевқа Украина билігінің сұранымы бойынша іздеу жарияланған болатын. Ол БТА Банктің экс-басшысы Мұхтар Әблязовпен және тағы да басқа тұлғалармен бірге Қазақстанда, Украинада, Ресейде және тағы да басқа елдерде бірнеше миллиард доллар сомасында қаражатты иемденіп, жаратты деп айыпталып отыр. Украинада Сырым Шалабаев 300 миллион доллардың мүлкін жаратты және иемденді делінеді.
Дереккөз: Тengrinews.kz