Фото: azattyq.orgОралда бүгін орталық Абай алаңында ондаған адам жиналып, жерді сатуға және шетелдіктерге жалға беруге қарсылық танытты,- деп хабарладыАзаттық.
Азаттық тілшісінің оқиға орнынан хабарлауынша, жиналғандармен Орал қаласы әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиев сөйлесті. Жиналғандар биліктен жер кодексіне енгізілген жерді сату және шетелдіктерге жалға беру туралы өзгерістерді жоюды талап етті. Нарызылық білдірушілер алдына шыққан облыс әкімінің орынбасары Арман Өтеғұлов та оларды әкімдікке кіріп, сөйлесуді ұсынған. Бірақ жиналғандар мұны тыңдамады.
Жиналғандар бұған қоса өздеріне облыс әкімі Алтай Көлгінов шығып, "жер шетелдіктерге жалға берілмейді және сатылмайды" деп уәде бергенін талап етті.
Полицейлер митингіні сырттай бақылап қана тұрды.
Бірер сағаттан кейін "Жер дауына" қатысты рұқсат етілмеген стихиялы митинг аяқталып, жиналғандар орталық алаңнан тарап кетті. Жиналғандар 21 мамыр күні осы алаңға қайта шығатынын мәлімдеді. Белсенділер әкімдікке 21 мамырда ауылшаруашылығы жерлерін сату және шетелдіктерге жалға беруге қарсылық акциясын өткізуге рұқсат сұрап өтініш берген. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, митингіде ешкім ұсталмаған.
Дереккөз: Аzattyq.org