ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған) халықаралық лаңкестік тобына кіргісі келгені үшін және мемлекеттік шекарадан заңсыз өткені үшін қарағандылық ер адам 6 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"33 жастағы қарағандылық ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабының 1-бөлігінде қарастырылған қылмысты жасады (ҚР "Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту"), Сонымен қатар, ҚР Қылмыстық кодексінің 257-бабының 2-бөлігі және 24-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыс жасаған (Террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу" және "Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу")", - делінген сот материалының айыптау бөлімінде.
Сонымен қатар, қылмыстық істің материалдарына сәйкес, сотталушы 2015 жылдың шілдесінде қылмыс жасау туралы ойлаған. Ол және оның сыбайласы исламның дәстүрлі емес ағымының ұстанушысы бола отырып, Сирияға шығып кетуді жоспарлап, халықаралық лаңкестік ДАИШ ұйымының құрамына кіретін лаңкестік топтардың ісіне қатысуды ойлайды. Қарағандылық еркін жүріп-тұру үшін танысының куәлігін ұрлаған. Бастапқыда олар Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасынан "Қордай" өткізу пунктінен 500 метр жерде заңсыз өткен. Кейін Қырғызстан территориясында ұсталып қаламыз деген қауіптен "Бішкек-Ыстамбұл" әуе рейсімен Түркияға ұшып кеткен.
Түркияға ұшып келген олар түріктің Сириямен шекаралас Газиантеп қаласына шыққан. 2015 жылдың 20 сәуірінде Түркия-Сирия мемлекеттік шекарасынан өтпек болған сотталушы мен оның сыбайласы ұсталып, Қазақстанға депортацияланған.
Сотталушы өз кінәсін мойындамады, ол шетелде ақша тапқысы келгенін айтты.
Ол мүлкі тәркілене отырып, алты жылға бас бостандығынан айырылды, ол жазасын жалпы тәртіптегі түзету колониясында өтейді. Сонымен қатар, сотталушы мемлекет табысына 226 320 теңге сомасында процессуалдық салық төлейді. Оның төрт баласы бар екен. Үкім заңды күшіне әзірше енген жоқ.
Дереккөз: Тengrinews.kz