Атырау, 29 қараша 06:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Жер мәселесіне қатысты шерулер тағы екі қалада өтті

Бейнежазба
4 684 просмотра

Алматыда ел бірлігі меркесне жиналған халық қоршаудың сыртында тұр. 1 мамыр 2016 жыл. Фото: azattyq.orgҚазақстанда «жер сату және жалға беруге» қарсылық акциялары халық бірлігі мерекесі күні де жалғасын тапты. Президент Нұрсұлтан Назарбаев мерекелік құттықтауында елдің қол жеткізген табыстарын айтып, халықты бірлікке шақырды,- деп хабарлады Азаттық.

Қазақстан халқы бірлігі күні Алматыда жұрт алдында сөйлеген сөзінде президент Нұрсұлтан Назарбаев «қысқа уақыт ішінде өзге мемлекеттер жете алмаған табыстарға жеткен Қазақстанды бүкіл әлем танығанын» атап өтті.

«Елімізде тыныштық салтанат құрып отыр. Біздің біртұтас ұлтымыз барлық мейрамды бірге мерекелейді. Мен халқымды дәл осы қалыпта көргім келеді және сол үшін бар білімім мен тәжірибемді жұмсап келемін. Біз көздеген мақсаттарымызға – азаматтардың бұдан жақсы өміріне міндетті түрде қол жеткіземіз. Ол үшін жастарымыз біздің тәуелсіз жолымызды табанды түрде жалғастырып, көздің қарашығындай қорғауы, елдегі бірлікті, достық пен тыныштықты сақтауы қажет. Бұл – әр адамның міндеті», – деді Қазақстан президенті.

Өз сөзінде Назарбаев бірлігі жоқ елде береке болмайтынын атап айтты. «Қазіргі кезде Украина экономикасы Қазақстандікінен екі есе кем. Өйткені ел ішінде ауызбіршілік жоқ, олар ұрыс-керіс, жанжалмен әуре болып жүр», - деді ол.

Алматы мен Астанадағы мерекелік шаралар барысында қауіпсіздікті күшейтуге мән берілгені байқалды. Әйткенмен ондай шаралар Қызылорда мен Жаңаөзенде бүгін «жерге қатысты шерулерге» тоқтау жасай алмады.

Қызылорда қаласында орталық алаңда өткен мерекелік шараның соңына қарай бір топ азамат «жер сатуға және жалға беруге» қарсы талаптар айтып жиналды. Шлем киіп, қалқан ұстаған полиция жасағы оларды алаңның шетіне қарай ығыстырып шығарды. Бұдан соң жергілікті билік өкілдерінің ұсынысы бойынша наразылардың бір тобы Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы драма театры ғимаратының ішіне кіріп, театр сахнасы алдында билік өкілдеріне талаптарын айтты.

Наразылар облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов, облыстық мәслихат хатшысы Наурыз Байқадамов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының жетекшісі Ибадулла Құттықожаға үкіметтің «жер сату» және жерді шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беру жоспарына қарсылықтарын жеткізді. «Жер халықтың меншігі болғандықтан оның тағдырын елмен кеңесіп шешу керектігін» айтқан белсенділер билік өкілдерін «халықпен ашық әңгімелесуден қашпауға» шақырды.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов наразыларға «жер шетелдіктерге меншікке берілмейтіндігін» айтып, егер жалға алушы жерді дұрыс баптап-күтпесе, мемлекет оны қайтарып алады деп түсіндірді. Театрда бір сағатқа жуық жалғасқан әңгімеден соң наразылар тарап кетті.

Куәгерлердің әлеуметтік желілерде хабарлауынша, полиция қарсылық танытқан бірнеше адамды ұстап алып кеткен. Қызылорда қаласы полиция басқармасы бүгін алаңда ұсталғандарға қатысты Азаттық сұрағына комментарий беруден бас тартты.

Дәл осындай талаппен бүгін Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы орталық алаңға бір топ тұрғын шыққан.

– Алаңға жиналғандар «жер сатылмасын, жалға берілмесін» деген талап айтты, қала әкімі мен прокуратура, полиция келді. Әкім «шетелдіктерге жер сатылмайды» деп айтты, - деп хабарлады Азаттыққа өз есімін Тілектес деп таныстырған Жаңаөзен тұрғыны.

Оның сөзінше, жергілікті билік өкілдері жиналғандардың талабынан кейін сол күні таңертең осы алаң маңынан полиция ұстап әкеткен бірнеше адамды босатқан. Қала басшылығы «жиын - заңсыз» екенін айтып, тұрғындарды тарауға шақырған. Жиналғандар 21 мамырда жиын өткіземіз деген соң, әкім «жазбаша өтініш беріңдер, қарастырамыз» деген. Жаңаөзен қалалық әкімдігі мен прокуратурасы және ішкі істер басқармасынан бүгінгі оқиға туралы комментарий алу мүмкін болмады.

Қазақстанда «жер сатуға қарсылық» шерулері билік тарапынан рұқсат берілмесе де, 24 сәуірден бастап бірнеше аймақта өткен. Бұған дейін Атырау,Ақтөбе мен Семей қалаларында тұрғындар жиналып, билікке наразылықтарын білдірген. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «жер туралы наразылықтардың» артында «арандатушылар» бар деп мәлімдеген.



Дереккөз: Аzattyq.org

2 мамыр 2016, 11:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.