Атырау, 29 қараша 06:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Жер мәселесін қозғаған белсенділерді ұстады

Сурет
6 045 просмотра


Алматыда жерге қатысты митинг өткізуге рұқсат сұрайтындары жөнінде баспасөз жиынын өткізбек болған белсенділерді полиция күшпен ұстап әкетті,- деп хабарлады Азаттық.

Алматыда бүгін Ұлттық баспасөз клубы алдында жер мәселесіне қатысты митинг өткізуге рұқсат сұрайтындары туралы баспасөз жиынын өткізбек болған 10-ға тарта белсендіні полиция ұстап әкетті.

Жиын сағат 11-де өтуі тиіс болған. Бірақ жиын басталатын уақыт таяғанда полиция келіп, оны ұйымдастырушылардың бірі Маржан Аспандияровадан түсініктеме жазуды талап етті. Белсенді оны жазудан бас тартты.

Ұйымдастырушылар "баспасөз жиынында "Жерімізді қорғаймыз - Ана тілімізді сақтаймыз!" деген атпен Алматыда жалпыхалықтық митинг өткізуге рұқсат сұрау туралы қала әкімдігіне өтініш беру мәселесін талқылайтындарын" хабарлаған еді.

Бірер минуттан соң клуб алдына полиция жасағы келіп, саясаткерлер Маржан Аспандиярова, Әміржан Қосанов, белсенділер Жанболат Мамай, Инга Иманбай, Ғалым Ағелеуов, журналист Ермұрат Бәпи мен қарсылық танытқан тағы екі-үш адамды күшпен көліктерге мінгізіп алып кетті.


Полиция жасағы қоғамдық белсенді Жарылқап Қалыбайды да көлікке күштеп отырғызғанымен, бірер минуттан соң босатып жіберді. Ұсталғандардың Медеу аудандық ішкі істер басқармасына әкетілгені хабарланды.

Бүгінгі баспасөз жиынына дейін журналист Рысбек Сәрсенбай мен қоғамдық белсенді Мұхтар Тайжанды да полиция ұстап әкеткені (Алмалы ауданы ІІБ-сі деген ақпарат бар) хабарланған болатын.

Астанада да бүгін таңертең "Алаш жолы" қозғалысының жер мәселесі бойынша үндеуін жариялаймын деген белсенді Мақсат Ілиясұлын полиция ұстап алып кеткені хабарланды. Ол ұстап әкетіп бара жатқанда, 11:00-ге дейін қайтып оралып, мәлімдемесін жариялайтынын айтқан.

Қазақстандағы жерге қатысты дау наурыздың соңында ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың шілденің 1-інен бастап ауыл шаруашылығы жерлерінің аукцион арқылы сатылатыны туралы мәлімдемесінен соң басталған. Сәуірдің 24-і күні Атырау қаласында мыңдаған адам қатысқан рұқсат етілмеген митинг өтіп, жиналғандар жер кодексіндегі өзгерістерге наразылық білдірген. Сәуірдің 27-сі Ақтөбе мен Семей қалаларында да наразылық жиындары өткен.

Сәуірдің 28-і күні Ақтаудағы Ынтымақ алаңында ондаған адам жиналып, жерді сатуға және шетелдіктерге жалға беруге қарсы пікірлерін білдірген. Жарты сағаттай ғана уақытқа созылған рұқсат етілмеген бұл жиынды полиция таратып жіберді.

Дереккөз: Аzattyq.org

29 сәуір 2016, 11:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.