Фото: azattyq.orgАқтөбеде Тұңғыш президент атындағы саябақта шамамен ондаған тұрғын жер кодексіндегі өзгерістерге қарсылық танытып жатыр. Бұл туралы Азаттық тілшісіне жиынға қатысып жатқан құқық қорғаушы Ольга Климонова хабарлады. Оның айтуынша, әкімшілік өкілдері халықты сабырға шақырып, келісуге тырысып жатқанымен жиналған жұрт "барған сайын көбейіп, дес бермей жатыр",- деп хабарлады Азаттық.
- Келген адам қарасы барған сайын көбейіп жатыр. Басында бір ғана адам сөйлеп тұр еді, көптің алдында сөйлегісі келген адамдар көбейіп кетті. Әкімшілік өкілдері митингтің қатысушыларына айналды. Халықты тоқтата алмай жатыр, - дейді Ольга Климонова. Жиналғандар арасында ересек адамдар, фермерлер, жастар бар.
Азаттық тілшісі Климоновамен сөйлесіп тұрған кезде тұтқаның арғы жағынан ысқырықтар мен халықтың ұрандап жатқаны естілді.
Ольга Климонованың айтуынша, кеше, яғни сәуірдің 26-сы күні әлеуметтік желіде митинг өтетіні туралы хабарлама болған. Бүгін түскі сағат бірден соң жұрт Тұңғыш президент атындағы парк төңірегіне жинала бастаған. Әуелі митингке келген адамдарды «саябақты дәрілейміз» деп кіргізбей қойған. Тұрғындар митингті тротауарда өткізе бастағаннан кейін әкімшілік өкілдірі паркке кіруге рұқсат берген.
Семейде де бүгін түстен кейін жер дауына қатысты шамамен ондаған адам жиналған митинг болды. Жиынға қатысқан Мақсат Жәнібек есімді тұрғынның Азаттыққа айтуынша, қала әкімі келіп "талаптарыңызды жазбаша жеткізіңіздер, жоғары жаққа жеткіземіз" деген соң тұрғындар хатқа қол қойып берген. Қазір ақырындап тарап жатыр.
Бүгін Семей қалалық прокуратурасы мен әкімдігі рұқсат етілмеген жиын өткізбеу туралы ескерту жасаған.
Қазақстан үкіметі өткен айда жер туралы заңға былтыр күзде енгізілген өзгерістерге сай биыл шілдеден бастап ауыл шаруашылық жерлерін азаматтарға жеке меншікке аукцион арқылы сату, сонымен бірге шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға 25 жылға дейін мерзімге жалға беру тәртібі күшіне енеді деп хабарлаған.
Жер сату мен шетелдіктерге жерді жалға беру жөніндегі үкімет бастамасына қарсы бұған дейін зиялылардың талап-хаты жарияланып, Астана мен Оралда белсенді азаматтардың жалғыз адамдық пикеттері мен Алматыда шағын жиын өткен. 24 сәуірде Атырауда жерге қатысты бірнеше мың адам жиналған митинг болған. Ал 26 сәуірде Алматының "Астана" алаңында жерді жалға беруге қарсы жалғыз адамдық пикетке шыққан тұрғынды полиция ұстап әкеткен.
Дереккөз: Аzattyq.org