Фото: inform.kz17 сəуір күні Катардың астанасы - Дохада өткен ОПЕК-ке мүше және ұйымға кірмейтін елдердің кездесуі Қазақстан күткен нəтижені берген жоқ. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мəслихатында Қазақстандағы мұнай сервис компаниялар одағы төралқасының төрағасы Рашид Жақсылықов мəлім етті,- деп хабарлады ҚазАқпарат.
"Өздеріңізбен өткен жылы кездесіп, біраз сыр тарқатқан едік. Енді 2016 жылдың қалай басталғаны өздеріңізге белгілі. Мұнай өндіруші мемлекеттер қатарына Иран мемлекеті қосылды. Барлығымызды мазалап жүрген сұрақтың бірі - мұнай бағасы қандай болмақ жəне мемлекетіміздің дамуына ол қалай əсер етпек, сондай-ақ, біздің мемлекеттегі мұнайға қызмет көрсету саласында жасап жатқан компаниялардың болашағы не болмақ деген сұрақ екенін білемін. Сондықтан, осы сұрақтарға толыққанды жауап беру үшін бүгін тағы бас қосып отырмыз", - дей келе Р.Жақсылықов Дохада өткен кездесудің нəтижесіне тоқталды.
"Дохада өткен кездесу біз күткен нəтижені берген жоқ. Себебі, Иран мемлекеті мұнайдың өндірісін азайтуға келісімін берген жоқ. Жыл басын күніне 500 мың баррелмен бастап еді, екі-үш айдың ішінде мұнай өндірісін күніне 1,5 млн. баррельге жеткізді. Жыл соңына дейін 4 млн баррельге жеткіземіз деп отыр. Онсызда бағаның теңселіп тұрған кезінде артық өнім бүкіл дүниежүзілік мұнай нарығына жақсылық əкелмейтінін біліп отырмыз. Бірақ, бір айдың ішінде тағы да бас қосып, бір мəмілеге келіп, мұнай бағасын тұрақтандыруға жұмыс істейміз деген үміт бар", - деді Р.Жақсылықов.
Дереккөз: Іnform.kz