Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар бюросының Маңғыстау облысы бойынша департаменті облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы Махамбетов Т. және оның орынбасары А.Оңаевты ұстады,- деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қызмет бабын пайдаланған Махамбетов Т. «Өзен Жылу» МКК тексеру кезінде анықталған монополияға қарсы заңды бұзу фактілерін өз қызметкерлеріне жасыруды тапсырған, деп хабарлады ұлттық бюроның баспасөз қызметінен.
Басшысының әкімшілік құқықбұзушылық санын азайту және айыппұл сомасын 9 млн. 600 мыңнан 3 млн. 200 мың теңгеге дейін түсіру бойынша заңсыз тапсырмасын орындаған А. Оңаев «Өзен Жылу» МКК директорынан 300 мың теңге көлемінде пара талап етіп, бұл қаражатты алған.
Осылайша, лауазымды тұлғалар заңсыз әрекеттері салдарынан ел қазынасына түспеген әкімшілік айыппұл ретіндегі 6 млн. 400 мың теңге көлемінде залал келтірді.
Қазір Махамбетов Т. және Оңаев А. Ақтау қ. ІІБ уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.
Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Дереккөз: Іnform.kz