Жақын арада қазақстандық жалпы және орта білім беретін мектептерде «Назарбаевтану» пәні енгізілуі мүмкін деген ақпарат тарады, - деп хабарлайды Аbai.kz.
Бұл идеяның авторы Шымкент университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Нұрәлі Өткелбаев екен.
Профессор өзінің бұл жобасын ҚР Білім және ғылым министрлігіне ұсынып, министрліктің құптаған жауабын алғанын «Оңтүстік Қазақстан» газеті жазды.
Профессор Өткелбаевтың зерттеуінше, Қазақстан Президентінің түрлі мінберлерде жасаған мәлімдемелері, баяндамалары, жолдаулары әм сұхбаттары, ғылыми-әлеуметтік мақалалары 101 томды құрапты.
«Қазақстан Президентінің жолдаулары еліміздің саяси, экономикалық әм қоғамдық-әлеуметтік өмірі үшін үлкен рөл атқаратын, жаңа мемлекетті құруда жарқын жетістіктерге жетелейтін аспектілерді қамтиды. Елбасымыздың идеялары жаһандық әм планеталық сипатқа ие», - дейді Өткелбаев мырза.
Қазақстандық мектептерде жап-жаңа пән енгізіледі деген мәліметті естіген бойда, ҚР Білім және ғылым министрлігіне хабарласып, мәселенің мән-жайын анықтадық.
ҚР БҒМ Баспасөз қызметінің басшысы Әлібек Жұмабекұлы мұндай ақпаратты бізден ғана естіп отырғанын айтып, таңырқап қалды. "Мен мұны бұрын естімеген екем. Білмеймін. Қазір Орта білім беру департаментіне хабарласып көрейін",-деді Әлібек Жұмабекұлы.
Сәл ғана уақыттан соң, министрлік біздің сұрағымызға жауап берді.
"Мен дәл осы мәселемен айналысатын Орта білім беру департаментіне хабарластым. Ондағылар да мұндай ақпаратты естімеген екен. Сондықтан, сіз бұл ақпаратты министрлік растамады деп жазсаңыз дұрыс болады",-дейді БҒМ баспасөз қызметінің басшысы Әлібек Жұмабекұлы.
P.S: Журналист: -Бұл ақпаратты республикалық "Оңтүстік Қазақстан" газеті жазып отыр. Сонда ресми басылымның жаңсақ ақпарат таратуы мүмкін бе?
Әлібек Жұмабекұлы: -Мүмкін шығар. Әйтеуір біз осыны сіздің аузыңыздан естіп, таң қалып отырмыз. Білмейміз тіпті.
Дереккөз: abai.kz