Бүгін ЕХРО-2017 ұлттық компаниясының бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияевке қатысты негізгі сот тыңдауы басталды,- деп хабарлады Baq.kz.
Түске дейін мемлекеттік айыптаушы 500 томды құраған іс материалының бірнеше томын ғана оқып үлгерді. Прокурор Т.Ермегияевке «ауыр қылмыс жасады» деп айып тақты. Тергеу нәтижесінде анықталғандай, ЕХРО-2017 компаниясының бұрынғы басшысы 4,2 млрд теңгені заңсыз иемденген. Бұл дерек сотта расталатын болса, Т.Ермегияев 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Айта кетейік, атышулы бұл іс бойынша Т.Ермегияевпен қатар күдіктілер сапында 20-дан аса адам бар. Сотта Ермегияевтің құқығын екі адвокат қорғайды. Қылмыстық кодекстің бірнеше бабымен айыпталған ұлттық компанияның бұрынғы басшысы өткен жылы маусым айында үй қамағына алынған болатын.
Дереккөз: baq.kz