Қазақстан СІМ Таулы Карабақ аумағындағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ведомство сайтына сілтеме жасап.
"Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Таулы Карабаққа қатысты жағдайды мұқият бақылауда. Жанжал аумағында оқ атуды тоқтату тәртібінің бұзылуына және адамдардың қаза болуына қатты алаңдаушылық білдіреміз. Тараптарды ұстамдылық танытуға және оқ атуды тоқтату туралы уағдаластықтарды қатаң ұстануға шақырамыз", - делінген министрлік өкілдерінің мәлімдемесінде.
"Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Таулы Карабақ мәселесін реттеу бойынша Минск тобының күш-жігерін қолдай отыра, жанжалды тек қана бейбіт жолмен шешу қажеттілігі жөнінде ұстанымымызды қайта растаймыз", - делінген мәлімдемеде.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Таулы Карабақ мәселесінің пәтуалық шешімдерін іздеу үдерісін жандандыра түсуді жақтайды және жанжалды реттеуде ілгері жылжу үшін мүдделі тараптардың сындарлы көзқарас танытатынына сенім артатыны жазылған.
Дереккөз/фото: tengrinews.kz