Фото: akorda.kzҚазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Брюссельде Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Тускпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан мен Еуропалық одақтың ынтымақтастығы мәселелерін талқылады.
Мемлекет басшысы Еуроодақ Қазақстанның сыртқы саясатындағы маңызды вектордың бірі екенін және сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың басымдығы бар бағыты болып саналатынын айтты. Қазақстан Президенті еліміздің сыртқы сауда айналымының жартысынан астамы Еуроодақтың үлесіне тиетініне назар аударды.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев осы айда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Еуропалық одақпен арадағы кеңейтілген және стратегиялық серіктестік туралы келісімді ратификациялағанын айтып, бұл оқиға тараптардың ынтымақтастығын жаңа сапалы деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Д.Туск Қазақстан мен Еуроодақтың тығыз серіктестігі әлемдік экономикадағы дағдарыс үрдістеріне қарамастан нығая береді деп үміттенетінін айтты.
Сонымен қатар, тараптар кездесу барысында күн тәртібіндегі халықаралық мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, Украинадағы және Ауғанстандағы ахуал, терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Дереккөз: akorda.kz