Атырау, 29 қараша 02:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Fokker 100 ұшағының Астанада апатты жағдайда қонуына байланысты толық ақпарат

1 458 просмотра

Фото: nur.kz27 наурызда барша жұртты дүрліктірген әуе кемесіндегі төтенше жағдай орын алды.

Bek Air компаниясына тиесілі Fokker 100 ұшағы қону кезінде алдыңғы шассиі шықпай, апатты қонуға мәжбүр болды. Бортында 116 жолаушы бар әуе кемесі 50 минут көлемінде көкте қалықтап жүрген. Абырой болғанда, білікті ұшқыштың арқасында зардап шеккендер жоқ. Алайда Ақтөбе, Алматы және Бангкоктан Астанаға қатынайтын ұшақ рейстері кейінге шегерілді.

Таң сәріде Қызылордадан Астанаға шыққан Рашид Мамбетов бүгін аман қалғанына шүкіршілік етуде. Елордаға жақындаған бойда көкте қалықтаған ұшақта ақау барын жігіт ағасы бірден байқапты.

Рашид Мамбетов, ұшақ жолаушысы:

- Басында бір-екі айналым жасағаннан кейін, біз сездік дұрыс емес екендігін. Неге ұшақ қонбай жатыр деп. Содан кейін апатты қону болатындығы хабарланды. Енді дұрыс болды ғой деп қонғанына қуансақ, түскенде қорқынышты болды. Қорқынышты Рашидпен бірге ұшақ ішіндегі 116 жолаушы да өз басынан өткерді. Сапарға шыққандардың арасында сәбилер де болған. Бірнеше рет Астана аспанында қалықтап жүргенде, экипаж мүшелері жолаушыларға кәсіби тұрғыда көмек көрсетіпті.

Ажар Арыстан, ұшақ жолаушысы:

- Ұшақ қызметкерлері өз жұмыстарын ұқыпты орындады. Төтенше жағдай туралы хабарланғаннан кейін олар барлығымызға қалай қимылдау керектігімізді түсіндірді. Салонда шу көтерген ешкім болған жоқ. Барлығы сәтті аяқталғанына қуаныштымын. Кейін белгілі болғандай, 50 минут бойы қона алмай, әуежай маңында қалықтап жүрген ұшақтың алдыңғы шассиі шықпай қалған. Экипаж қанша тырысқанымен, механикалық ақауды әуеде жөндеу мүмкін болмады. Үлкен тәуекелге барған ұшақ командирі ақыры алдыңғы дөңгелексіз қонуға мәжбүр болды.

Дмитрий Родин, Bek Air компаниясының ұшқышы:

- Негізі шасси қонуға 3-4 минут қалғанда шығуы керек. Алдыңғы дөңгелек шықпағаннан кейін, 40-45 минут көкте қалықтап жүруге мәжбүр болдық. Ал қону барысы әдеттегідей болды. Тек мен кабинаны жоғары ұстауға тырыстым. Әйтпегенде өрт шығу қаупі бар еді. Абырой болғанда, өрт шыққан жоқ. Жолаушылар дін аман.

Әуежай басшыларының айтуынша, мұндай нәтиже экипаж мүшелері мен құтқарушылардың бірлесе атқарған ерен еңбегінің арқасында ғана мүмкін болыпты.

Рәділбек Әдімолда, «Астана халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы:

- Ұшып-қону алаңына біз өрттің алдын алу үшін көбік шаштық. Ол өз кезегінде ұшақтың жұмсақ қонуына септігін тигізеді. Барлығымыз жұмыла кірісіп, апаттың алдын алдық. Жалпы, әуежайда 21 арнайы техника мен 80 құтқарушы сақадай сай тұрды. Таңғы 10:00-ден бастап 13:20-ға дейін әуежай қызметі уақытша тоқтатылды. Ал қонуға келе жатқан тағы бес ұшақ дер кезінде өзге қалаларға жөнелтіліпті. Алайда апаттың алдын алу мәселе шешілді дегенді білдірмейді.

Оқиға орнына шұғыл жеткен еліміздің Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев зерттеу жұмыстарымен арнайы комиссия айналысатынын мәлімдеді. Сондай-ақ бұл факті бойынша еліміздің Бас көлік прокуратурасы қылмыстық іс қозғады. 1999 жылы VIP-рейстерді жүзеге асыратын компания ретінде құрылған Bek Air қазір Қазақстан нарығындағы тасымалдаушылардың бірі. Ішкі рейстер бойынша 12 бағытта ұшатын әуе компаниясы небәрі 7 Fokker 100 ұшағымен жабдықталған. Олардың техникалық жағдайы енді қатаң тексерілетін болады.

Дереккөз: 24.kz


28 наурыз 2016, 12:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.