Фото: azattyq.orgВek Air компаниясының рейстері кесте бойынша ұшырылып жатыр. Бұл туралы бүгін Азаттыққа компания жетекшісі Нұрлан Жұмасұлтанов хабарлады. Оның айтуынша, инвестиция және даму министрлігі азаматтық авиация комитетінің компаниядағы "Фоккер-100" ұшақтарының шассилері мен агрегаттарын тексеру туралы тапсырмасы орындалған.
- Барлық ұшақтарды техникалық байқаудан өткізу туралы талап кешегі күні-ақ түскен. Барлық ұшақтар тексерілді, барлығы ұшып жатыр. Бұл - бір реттік тексеру, - деді Жұмасұлтанов.
Алматы мен Астана әуежайларындағы ұшақтардың ұшып келуі мен кетуі туралы ақпаратқа қарағанда, Bek Air рейстері кесте бойынша ұшырылып жатыр.
Азаматтық авиация комитеті Bek Air-дің инженерлік-авиациялық қызметі басшылығына "Фоккер-100" ұшақтарының алдыңғы және негізгі шассилерінің (дөңгелектер) агрегаттары мен тораптарын және шассилерді ашу мен тазалау жүйелерін бір реттік тексеруді тапсырғанын хабарлаған. Тексеруден өткені туралы акт комитетке және "Қазаэронавигация" әуе қозғалысын жоспарлау орталығына тапсырылуы тиіс. Комитет "Қазвэронавигация" орталығына аталған тексеруден өтпеген "Фоккер-100" ұшақтарының ұшуына рұқсат етпеуді тапсырған.
27 наурыз күні Bek Air әуе компаниясының №2041 рейсімен «Кызылорда-Астана» бағытымен ұшып келген "Фоккер-100" ұшағы Астана әуежайына апатты жағдайда қонған. Қазақстан бас көлік прокуратурасының хабарлауынша, апатты жағдайда қонңға ұшақтың алдыңғы шассиінің ашылмауы себеп болған. Ұшақта 116 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Зардап шеккендер жоқ.
Прокуратура бұл факті бойынша қылмыстық кодекстің 344-бабы (Темiржол, әуе, теңіз, өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу) бойынша іс қозғады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Дерккөз: azattyq.org