АСТАНА. ҚазАқпарат - Күні кеше жаңа құрамдағы Мәжілістің сеніміне ие болған Үкіметте ауыс-түйіс бірден басталып кетті. Ең алдымен Елбасы Жарлығымен Энергетика министрі Владимир Школьник қызметінен босатылып, оның орнына жаңа министр тағайындалды. Мұнан бөлек, «Нұр Отанның» партиялық тізімі арқылы Мәжіліс депутаты мандатын иеленген ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко мен Әділет вице-министрі Бақытжан Әбдірайым да орындарын босатты. ҚазАқпарат осы апта ішінде орын алған кадрлық тағайындауларға шолу жасайды.
Сонымен 6-шы шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің бірінші жалпы отырысы барысында төменгі палатаның спикері қызметіне депутаттардың жасырын дауыс беруінің нәтижесінде Бақтықожа Ізмұхамбетов, ал оның орынбасарлығына Владимир Божко мен Гүлмира Исимбаева сайланды. Мұнан бөлек, Мәжілістің 7 тұрақты комитетінің атауы бекітілді және Сапархан Омаров Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, Гүлнар Иксанова Әлеуметтік-мәдени даму комитеті төрайымы, Нұрлан Әбдіров Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, Гүлжан Қарақұсова Қаржы және бюджет комитеті төрайымы, Мәулен Әшімбаев Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрағасы, Глеб Щегельский Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитеті төрағасы, Роман Скляр Экономикалық реформалар және өңірлік даму комитеті төрағасы қызметіне кірісті.
Б.Ізмұхамбетов - 1948 жылы Гурьев облысы (қазіргі Атырау облысы), Теңіз ауданында туған. Уфа мұнай институтын бітірген. Техника ғылымдарының докторы. 1971-1991 жылдары «Ембі мұнай» бірлестігінің Прорва бұрғылау конторында, «Қазмұнайгазбарлау» басқармасында, Қазақ геологиялық барлау ғылыми-зерттеу мұнай институтында, шетелдік іссапарда Кеңес мұнай барлау экспедициясында жұмыс істеді. 1991-1992 жылдары Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінің бөлім бастығы лауазымын атқарды. 1992-1993 жылдары Қазақстан Республикасы Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінің Мұнай және газ басқармасының бастығы болып істеді. 1993 және 2003 жылдар аралығында - «Қазақтүрікмұнай» бірлескен кәсіпорнының бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК ЖАҚ үлестерді бақылау жөніндегі атқарушы директоры, «ҚазМұнайТеңіз» теңіз мұнай компаниясының бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК ЖАҚ БК үлестерді басқару жөніндегі басқарушы директоры лауазымдарын атқарды. 2003 жылдың желтоқсанынан 2006 жыл аралығында - Қазақстан Республикасының энергетика және минералдық ресурстар бірінші вице-министрі. 2006-2007 жылдары - Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрі. 2007-2012 жылдар аралығында - Батыс Қазақстан облысының әкімі. 2012 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің V шақырылымының депутаты болды, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Мәжіліс депутаты болар алдында Атырау облысының әкімі қызметінде болды.
В.Божко 1949 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ политехникалық институтын бітірген, заң ғылымының кандидаты, доцент. Генерал-лейтенат әскери шені бар. ол ұзақ жылдар бойы еліміздң ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс істеп, осы ведомство төрағасының бірінші орынбасары, кейіннен ҚР Төтенше жағдайлар министрі болған. Қазақстан халқы Ассамбелясы атынан Мәжіліс депутаты болып сайланғанға дейін ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары қызметін атқарды. 1-ші дәрежелі «Айбын», «Барыс» ордендерімен марапатталған.
Г.Исимбаева 1957 жылы Жамбыл облысында туған. Жамбыл педагогикалық институтын, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.1990-1993 жылдары - XII сайланымдағы Қазақ CСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Республикасының он екінші сайланымдағы Жоғарғы Кеңесінің Ғылымды және халықтың білім алуын дамыту мәселелері жөніндегі комитетінің хатшысы, комитет төрағасының орынбасары. 1993 -2007 жылдары - Алматы қаласы Білім департаментінің директоры. 2007- 2011 жылдары - ІV сайланымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2012 жылғы 20 қаңтардан бастап бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясының мүшесі. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі. 12 жылдық білім беру бағдарламасы бойынша 1 сыныпқа арналған «Букварь» оқулығының, 11 жылдық білім беру бағдарламасы бойынша 1-ші сыныпқа арналған «Букваренок» оқу құралының, «Языковое самосознание и мотивация языков» оқулығының авторы. «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталған, төсбелгі ұсыныла отырып Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен, Ы. Алтынсарин төсбелгісімен, «М.В. Ломоносов атындағы сыйлықтың лауреаты» медалімен, А.С. Пушкин медалімен, грамоталармен, Алматы қаласы Әкімінің алғыс хатымен марапатталған.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев Қазақстан Республикасының Энергетика министрі болып тағайындалды.
Қ.Бозымбаев 1969 жылы 8 қаңтарда туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі. ҚР Экономика және сауда министрлігінің өңірлік саясат бөлімінің бастығы, "ҚазТрансОйл" ЖАҚ Ұлттық мұнай тасымалдау компаниясының қаржылық-жиынтық департаментінің бастығы, экономика мәселелері жөніндегі вице-президенті, ҚР Энергетика, индустрия және сауда министрлігі, Мұнай және газ департаментінің директоры, вице-министр, "Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы" ААҚ бірінші вице-президенті, "Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы" АҚ президенті, "Самұрық" Мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі Қазақстандық холдингі" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, "Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы" АҚ президенті болған. Одан кейін Жамбыл, Павлодар облыстарының әкімі қызметін атқарған.
Ал Қ.Бозымбаевтың орнына ҚР Президентінің Жарлығымен Болат Жұмабекұлы Бақауов Павлодар облысының әкімі болып тағайындалды. Ол 1971 жылы туған. Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын, Халықаралық бизнес академиясын бітірген. Мамандығы бойынша заңгер, экономист-менеджер. Еңбек жолын Павлодар облысы Железин ауданының «Советский Казахстан» кеңшарында жұмысшы болып бастады. 1993-2008 жылдары Павлодар облысының шағын және орта бизнесінің ауылшаруашылық кәсіпорындарында кәсіпкерлік қызметпен шұғылданды. 2008 жылдан бастап мемлекеттік қызмет атқарады. Павлодар облысындағы Қашыр ауданының әкімі, Ақсу қаласының әкімі лауазымдарына тағайындалған. 2014 жылғы сәуірден Павлодар қаласының әкімі болған еді.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Өкімімен Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Яхияқызы Балиева Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл болып тағайындалды.
Ол 1958 жылы 3 қазанда Алматы облысы Кеген ауданының Жалаңаш ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітірген. 1994-1995 жылдары -XIII сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Экономикалық реформа жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары. 1995-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы, төрайымы, 2005-2009 жылдары - Қазақстан Республикасының Әділет министрі. 2009 жылдан 4-ші, 5-ші және 6-шы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты «Құрмет», «Парасат», «Күміс алқа», ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-ның бас директоры Бақтияр Қырықпышев аталған корпорацияның басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды. Б.Қырықпышев 1995 жылы Қарағанды политехникалық институтын, одан кейін 2012 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін бітірген. Еңбек жолын 1996 жылы «Қазақмыс» компаниясына қарасты «Жезқазғантүстімет» ӨБ кәсіпорнына қарасты Шығыс-Жезқазған кенішінен бастаған. Ол тау-кен шеберінен учаске бастығы, шахтаның аға, бас инженері болған. Шахта бастығы, комбинаттың бас инженері, техникалық директоры, Жомарт кенішінің директоры қызметтерін атқарған. 2008 жылдан «Жезқазғантүстімет» ӨБ бас директоры қызметін атқарды. 2010 жылы Бозшакөл кенішінің бас директоры болып тағайындалған. 2011 жылы «Қарағандытүстімет» ӨБ-ні басқарды. 2012 жылы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің өндірістік директоры, компанияның тау-кен қайта өңдеу кешенінің бас директоры болды. 2013 жылдың желтоқсанында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің бас директоры болып тағайындалған еді.
Дереккөз:inform.kz