АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдын ала мәліметтер бойынша Брюссельдегі терактілер кезінде жапа шеккендер мен қаза тапқандардың қатарында қазақстандықтар жоқ. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов мәлім етті.
«Қазіргі уақытта, қолда бар мәліметтерге сәйкес, Брюссельдегі терактілер кезінде жапа шеккендер мен қаза тапқандардың қатарында қазақстандықтар жоқ», - деп атап өтті ол.
Еске сала кетейік, Брюссель әуежайында 22 наурыз күні екі бірдей жарылыс болды. Әлемдік БАҚ хабарлауынша, салдарынан 13 адам қаза тапты. Кейін арасына бір сағат салып, қала орталығында орналасқан «Маэльбек» метро стансасында вагон ішінде тағы бір жарылыс орын алды. Онда кемінде 15 адам көз жұмды.
Дереккөз: inform.kz