АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейде апатқа ұшыраған ұшақта Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Ануар Жайнақов мәлім етті.
«Алдын ала ақпаратқа сәйкес апатқа ұшыраған ұшақта қазақстандықтар болған жоқ. Бірқатар БАҚ-та экипаж мүшелері арасында Қазақстанның азаматы немесе тумасы болғандығы жайында ақпарат тарады. Бұл мәлімет қазіргі уақытта тексерілуде», - деді А.Жайнақов.
Сонымен қатар ол нақты мәліметтер алынғаннан кейін қосымша ақпарат берілетіндігін атап өтті.
Айта кетейік, Дубайдан ұшып келе жатқан Boeing 738 жолаушылар ұшағы Дондағы Ростов қаласы әуежайының ұшу-қону жолағының сол жағында құлады. Алдын ала мәліметтер бойынша, қайғылы оқиға жергілікті уақыт бойынша сағат 3:40-та орын алған. Әуе кемесінің бортында 61 адам болды (55 жолаушы мен экипаждың 6 мүшесі). Жолаушылардың арасында төрт бала бар.
Дереккөз: inform.kz