Фото: ИА Новости-КазахстанАстана. 15 наурыз. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқармасының төрағасы Асқар Жұмағалиевті қабылдады, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Компания елдің маңызды активі саналады. «Қазатомөнеркәсіптің» әртүрлі бірлескен кәсіпорындарда қатысу үлесі бар, олардың біразы бойынша серіктестер мойындарына алған міндеттемелерін орындамайды. Осыған байланысты олардың өз міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету керек, немесе активтерді мемлекет мүддесі үшін қайтару мүмкіндігін қарастыру қажет», - деп келтірілген сейсенбі күні Ақорда сайтындағы хабарда Н.Назарбаевтың сөзі.
Өз кезегінде А.Жұмағалиев мемлекет басшысына бұрын берілген тапсырмалардың орындалуы, компанияны трансформациялау бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқармасының төрағасы әлеуметтік нысандардың жергілікті атқарушы органдар қарауына берілгені, кәсіби бағдарға жатпайтын 11 кәсіпорынның бәсекелестік ортаға шығарылғаны және өткен жылдың қорытындысы бойынша уран өндіруші кәсіпорындар кеңселері өндіріс орналасқан өңірлерге көшірілгені туралы баяндады.
Ұлттық компания басшысы Елбасыға өндірісті әртараптандыру үшін қабылданған, атап айтқанда, АЭС отынын өндіру зауытының құрылысына дайындық шаралары туралы баяндады.
Н.Назарбаев кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
Дереккөз: ҚазТАГ