Фото: ИА Новости-Казахстан
Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанға Анкара қаласында болған террорлық актіге байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайдыTengrinews.kz тілшісі.
Жеделхатта қайғылы оқиға салдарынан көптеген жазықсыз адамдардың қаза болғаны және зардап шеккені туралы хабарды Қазақстан Президенті зор күйзеліспен қабылдағаны атап өтілген.
"Еліңізбен көрші аймақтағы тұрақсыздық пен халықаралық терроризмнің өршуіне қарамастан, Түркия ішкі тұрақтылығы мен қауіпсіздігін нығайтып, қазіргі заман қауіп-қатерлеріне қарсы күресте табандылық танытатынына сенімдімін. Халықаралық терроризмнің тамырына балта шабу әлемдік қоғамдастық алдында тұрған ең өзекті міндет деп санаймын", - делінген жеделхатта.
Мемлекет басшысы Қазақстан ХХІ ғасырдың ең қауіпті қатеріне қарсы күресте бауырлас түрік халқын қолдайтынын атап айтты.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Ердоғанға, қаза тапқандардың туыс-туғандарына, сондай-ақ барша Түркия халқына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.
Айта кетейік, жарылыс кеше, 13 наурызда кешкі уақытта Түркия премьер-министрінің Гүвен саябағының маңында орналасқан кеңселерінің біріне таяу жердегі автобус аялдамасында болған. Екі автобустың ортасында тұрған автомобиль жарылып кеткен. Жарылыс сәті видеотіркеу құрылғыларының біріне жазылып қалған. Жарылыстан 34 адам қаза тауып, 125 адам зардап шекті.
Дереккөз: tengrinews.kz