Атырау, 29 қараша 01:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

С.Ахметов Қарағанды облысында мемлекет мүддесінің бұзылуына жол бергені үшін өкініш білдіреді

2 597 просмотра

Фото: newskaz.ruАСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР экс-премьер-министрі Серік Ахметов Қарағанды облысы аумағында құқыққа қайшы әрекеттері үшін өзінің жауапкершілігін мойындап, өкініш білдіретінін мәлімдеді. Бұл туралы бейсенбі күні апелляциялық сот алқасының отырысында оның қорғаушысы Николай Лесник айтты.

«Біздің қорғауымыздағы С. Ахметов өзіне берілген Мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үлкен сенімін ақтамауға жол беру туралы ойы ешқашан әрі мүлдем болған емес. Сондықтан ол (Ахметов - ред.) орын алған жағдайға байланысты өзінен жауапкершілікті алмайды және осыған өзінің де кінәсі бар екенін мойындайды, осы үшін шын көңілден өкініш білдіреді, - деді апелляциялық шағымға қатысты С. Ахметовтың қосымша мәлімдемесін жариялаған Н. Лесник.

«Біздің қорғауымыздағы С. Ахметов өзінің Қарағанды облысы әкімі қызметінде, сонымен бірге, ҚР Премьер-Министрі лауазымында Қарағанды облысы аумағында мемлекет мүддесінің бұзылуына, жекелеген тұлғалардың құқыққа қайшы әрекетінің нәтижесінде материалдық залал келтіруге жол бергенін мойындайды»,- деді ол.

Мәлімдемеде, С. Ахметовтің туыстары мен отбасы достары бірлесе 2,3 млрд теңге шамасындағы материалдық залалды ерікті түрде қайтарғаны атап өтіледі. Сонымен қатар, Ахметов адвокаттары бірінші инстанцияның айыптау үкімін жойып, өз қорғауындағы азаматты толық ақтауды сұрайды. Н. Лесниктің сөзіне қарағанда, апелляциялық шағым 215 бетте көрсетілген.

Қарағанды облысы апелляциялық сот инстанциясы 10 наурызда С. Ахметов пен басқа да жауапты тұлғалардың ісі бойынша шағымдарды қарауға кіріскен болатын. Барлығы сотқа адвокаттардан және 12 сотталушылардан 25 шағым түсіп, олар үкімді бұзуды және жазаны ішінара жеңілдетуді сұрайды. Сот отырысын Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Рашид Нұрмағамбетов, судьялар Светлана Миночкина мен Роза Нұрмұханова жүргізуде.

Барлық апелляциялық шағымдарды тыңдаған сот 11 наурыз сағат 15-00-ге дейін үзіліс жариялады

Еске салайық, Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы премьер-министр С. Ахметов пен басқа да лауазымды тұлғаларға қатысты іс бойынша сот үкімі былтырғы жылы 11 желтоқсанда жарияланған болатын.

Үкімге сәйкес, бұрынғы премьер-министр С. Ахметов ҚР ҚК-нің 176-бабының 4-бөлігінің «б» тармағы (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету), ҚР ҚК-нің 310-бабының 3-бөлігі (кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу), ҚР ҚК-нің 307-бабының 3-бөлігі (қызмет өкiлеттiгiн теріс пайдалану), ҚР ҚК-нің 310-1-бабының 3-бөлігі (заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру) бойынша кінәлі деп танылды. Қылмыстардың жиынтығы бойынша, ҚР ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігінің негізінде, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы оның мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан 5 жылға айырыла отырып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны жалпы режимдегі түзеу колониясында өтейтін болды.

Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Б. Әбдішев ҚР ҚК-нің 310-бабының 3-бөлігі (кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу), ҚР ҚК-нің 307-бабының 3-бөлігі (қызмет өкiлеттiгiн теріс пайдалану), ҚР ҚК-нің 310-1-бабының 3-бөлігі (заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру) бойынша кінәлі деп танылды. Қылмыстардың жиынтығы бойынша, ҚР ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігінің негізінде, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы, оның мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан 5 жылға айырыла отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны жалпы режимдегі түзеу колониясында өтейтін болды.

Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Ғ.Мұхамбетов 176-бабының 4-бөлігінің «б» тармағы (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету) бойынша кінәлі деп танылып, оның мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан 5 жылға айырыла отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны жалпы режимдегі түзеу колониясында өтейтін болды.

Дереккөз: inform.kz

11 наурыз 2016, 10:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.