Ақтау. 10 наурыз. ҚазТАГ – Маңғыстау облысындағы жауын-шашын салдарынан 40 шақты үй суға кетті, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Нөсер жаңбыр салдарынан Мұнайлы ауданындағы Атамекен ауылында 40 шақты ғимарат суға кетті. Үш күнгі жауын-шашын нәтижесінде бірнеше үйдің барлық тұрмыстық техникасы мен жиһазы суға кеткен», - деп хабарлады агенттік тілшісі бейсенбі күні.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, аудандық әкімшілік су тасушы көліктер жалдаған, алайда олар да үлгере алмай жатқан көрінеді.
«Жаңбырдың қатты жаууы - апат, және ол облыс көлемінде орын алып отыр. Аудан әкімі таң атысымен аралайды, барлығын біледі, бірақ қолынан келер дәрмен жоқ. Жеті су тасушы көлік жалдады, бірақ ол да жауған жаңбыр артынан үлгерер емес. Бізде үйлердің едендерінің барлығына ағаш төселген, суда ұйықтап жүрміз, су тізеден келеді», - деді ауыл тұрғыны Нұрғали Медетов.
Бұл ретте, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Нұрлыбек Жолбаевтың айтуынша, бұған ұқсас жағдай тек Атамекен ауылында ғана емес, басқа да елді мекендерде орын алып отыр.
«Атамекендегі суды күндіз – түні соруда. Тұрғын үйлер өмірді қамтамасыз ету жүйелерінен ажыратылған жоқ», - деді ол.
«Атамекенде үйлердің өзін су басу орын алған жоқ. Тек аулаларды ғана. Біздің есебімізше 40 аула. Біз комиссия құрамыз және заң аясында ол үйлерде тұруға бола ма, жоқ па қарайтын боламыз, тұруға болмайтын жағдайда өтемақы төлейтін боламыз», - деп атап өтті Н. Жолбаев.
Дереккөз: kaztag.kz