Фото: ТЖ комитетіАСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада салынып жатқан «Әбу-Даби Плаза» биік ғимараты тағы да өртенді. Сағат 07:47-де өрт туралы хабарлама келіп түскен, 08:50-де өрт толықтай сөндірілді.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов хабарлады.
«4 наурыз күні сағат 07:47-де Әбу-Даби Плаза нысанының Түркістан көшесі жағындағы корпусының өртеніп жатқандығы туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына келіп жеткен өрт сөндірушілер минус 2-ші қабатының деңгейінде минералдық мақта (жылытқыш) өртеніп жатқанын анықтады. Жалын 50 шаршы метр аумақты шарпыған. Тілсіз жаумен күреске 5 негізгі, 4 арнайы техника бірлігі және жеке құрамның 37 адамы жұмылдырылған. Өрт сағат 08:47-де ауыздықталып, сағат 08:50-де толық жойылды. Өрттің шығу себебі анықталуда, оқиға орнында мамандар жұмыс істеп жатыр», - деп хабарлады Р.Иманқұлов.
Еске сала кетейік, 2016 жылдың 13 ақпанында «Астана қалалық ТЖД-нің «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстарының қызметі» ММ кезекшісінің пультіне салынып жатқан «Әбу-Даби Плаза» ғимараты бөліктерінің біріндегі өрт туралы хабарлама келіп түскен. 10 минуттан кейін өрт сөндірушілер оқиға орнына келіп, тілсіз жауды ауыздықтауға кірісті.
Дереккөз: inform.kz