Фото: azattyq.orgAлматы қалалық сотында "Жас Алаш" газетінің сот үкіміне қатысты апелляциялық шағымын қарау жалғасты. Судья әуелде сот залына журналистерді кіргізбей, арнайы белгіленген, монитор қойылған залға жіберген. Кейін журналистер сот залына кіргізілді.
Сотты үш судьядан тұратын судьялар алқасы жүргізіп жатыр. Бүгінгі апелляциялық шағымды қарау сотына «Жас Алашты» сотқа берген «Жас-Ай» медициналық орталығының жетекшісі Жасан Зекейұлы келді. Сот басталған 25 ақпанда Жасан Зекейұлы сотқа келмей, отырыс кейінге қалдырылған еді. "Жас Алаштың" бас редакторы Рысбек Сәрсенбай бұған дейінгі сотта Жасан Зекейұлы мен жауапкерлердің бірі Қабен Мұқанұлын да қатыстыру туралы өтініш айтқан. Сәрсенбайдың айтуынша, бұл екеуінсіз дау шешілмейді. Бүгінгі сотқа Қабен Мұқанұлы келмеді.
Жасан Зекейұлы «Жас Алаш» газеті мамыр айында өзі туралы жариялаған «Академик» отбасымен соттасып жүр» деген мақала «абыройы мен ар-намысын қаралады» деп сотқа жүгінген. Ол әуелі газетті алты айға тоқтатуды және өзіне 400 миллион теңге моральдық шығын төлеуді сұраған.
Қарашаның 13-і күні Алматының Алмалы аудандық соты "Жас Алаш" басылымы мен журналистеріне қатысты үкім шығарған. Сот «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайға, тілшісі Меруерт Тұрлыбековаға, газет оқырманы Қаден Мұқанұлына, Жасан Зекейұлының бұрынғы әйелі Гүлия Әлиханқызына және Гүлия Әлиханқызының әкесі, 76 жастағы Әлиханға, барлығы 40 миллион теңге айыппұл салған. Бұған қоса «Жас Алаш» газетінде Жасан Зекейұлы туралы жазылған мақаланы терістеу міндеттелген. Кейін сот шешіміне наразы жауапкерлер апелляциялық шағым түсірген.
Дереккөз: azattyq.org