Фото: inform.kzАСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2016-2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы» заңы қабылданды.
Заңға енгізілген өзгеріс негізінен ҚР Ұлттық қорынан 2016 жылға кепілдендірілген трансферт сомасын түзетуге қатысты. ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, Қазақстан Республикасының 2016-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын нақтылауға байланысты және АҚШ долларының есептік көрсеткіші 300-ден 360 теңгеге ұлғайтылады. «Осыған байланысты Ұлттық қордан берілетін трансферт көлемі 2016 жылы 2 трлн 880 млрд теңгені құрайды», - деді министр.
Құжаттың қабылдануы бюджет теңгерімділігін және республикалық бюджет шығыстарын, оның ішінде экономикалық белсенділік пен экономикада жұмыспен қамтуды арттыруға бағытталған шығыстарды толық көлемде қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Парламент қабылдаған құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
Дереккөз:inform.kz