Алматы. 2 наурыз. ҚазТАГ – Қазақстан журналистер одағының (ЖО) облыстық филиалдары ЖО басқарма төрағасы Сейтқазы Матаевты қорғауды өтініп, ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жүгініп, үндеу қабылдады.
«Аса қадірлі, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы!
Тәуелсіз Қазақ елі журналистикасының дамуына өлшеусіз үлесін қосқан, «Елім» деп еңіреген, республика журналистерінің білімді де, бірегей басшысы болып отырған С. Матаевтың басына түскен бүгінгі ауыртпалық пен оған тағылып отырған кінәнің ақиқатына жетіп, әділеттің салтанат құруына көмек қолын созады деген үміттеміз», - делінген үндеуде.
Үндеу авторлары С. Матаев әлемнің барлық елдеріне танымал және өз елінің шынайы патриоты екендігін қадап айтады.
«Сейтқазы Матаев Қазақстан журналистикасын халықаралық деңгейге көтере білді. Оның іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабылетін Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан тіпті Еуропа мемлекеттері жақсы біледі. С. Матаев осы мемлекеттердің журналистика ұйымдарымен үнемі тығыз байланыста болып келді. Ол өзіңіздің бастамаңызбен 2012 жылы «Журналистердің этикалық кодексін» жасауға бастамашы болды. Сондықтан ол өз елінің нағыз патриоты екендігін барша халық жақсы біледі», - деп көрсетілген үндеуде.
Бұл ретте С. Матаевтың өз ісінің кәсіби маманы және қоғамдық қайраткер ретіндегі сіңірген еңбектері атап көрсетіледі.
«Бүгіндері еліміздің журналистік қауымдастығында С. Матаев беделді тұлға болып табылады. Оның өз ісінің шебер маманы және қоғам қайраткері ретінде сіңірген еңбектері елеулі. С. Матаев Қазақстандағы саны жағынан ең көп, 5 мыңнан астам мүшесі бар кәсіби шығармашылық ұйым құра білді. Оның бастамасымен Журналистер одағының филиалдары Қазақстан облыстарында қайта жаңғырды.
...Ол алғаш мемлекет құрарда өзіңіздің жаныңыздан табылып, президенттің баспасөз хатшысы қызметін атқарды», - деп атап көрсетілген құжатта.
Одан басқа, үндеу авторлары билік пен журналистердің сындарлы қарым-қатынас орнатуында, ҚР президентінің жанында БАҚ жөніндегі қоғамдық кеңес құрудағы С. Матаевтың еңбегін айта отырып, оған осы қиын жағдайда араша түсуді сұрайды.
«Аса мәртебелі, Президент, Сіздің Қазақстанда жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатыңыздың сындарлы екендігіне журналистер қашанда қолдау білдіретіндігіне күмән жоқ. Сондықтан орын алған оқиғаға байланысты республика журналистер қауымы Өзіңіздің парасаттылығыңызға, көрегендігіңізге, кемеңгерлігіңізге арқа сүйейді», - делінген құжатта.
Үндеуге қол қойғандар:
П. Долматов, Журналистер Одағы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы.
М. Жанаділов, Журналистер Одағы Алматы облыстық филиалының
төрағасы.
Қ. Батыров, Журналистер Одағы Атырау облыстық филиалының
төрағасы.
Ю. Поминов, Журналистер Одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы.
А. Қапбарова, Журналистер Одағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы.
М. Садыханов, Журналистер Одағы Астана қалалық филиалының төрағасы.
А. Оңғарбаев, Журналистер Одағы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы.
Ж. Әділбаев, Журналистер Одағы Шығыс Қазақстан обылыстық филиалының төрағасы.
В. Рыжков, Журналистер Одағы Қарағанда облыстық филиалының төрағасы.
Е. Тоқшылық, Журналистер Одағы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы.
Дереккөз: ҚазТАГ