Астана. 2 наурыз. Baq.kz - Қазақстанда интернет арқылы айына 100 мыңға тарта кибершабуылдар жасалады. Бұл туралы бүгін Қауіпсіздік комитетінің басқарма басшысы Ғалымбек Тәтенов мәлім етті.
Еске салайық, комитетте «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше-мемлекеттердің ақпараттық саладағы қылмыстық әрекеттерге қарсы өзара әрекеттесу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланған болатын.
Аталған хаттамаға ҰҚШҰ мемлекеттер басшылары 2014 жылдың желтоқсан айында Мәскеуде қол қойған. Басқарма басшысының айтуынша, хаттама ақпараттандыру саласындағы, соның ішінде интернеттегі қылмысқа тән құбылыстарды анықтап, оған қарсы күресуге бағытталады. Ондай құбылыстардың қатарында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше-мемлекеттерінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін қылмыстар да бар.
Хаттама аясында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы мүшелері осы саладағы қылмыстарды бірлесе анықтап, ол бойынша қылмыстық іс қозғауға, тергеулер жүргізіп, жауапкершілікке тартуға қатысты шаралар қамтылады.
Дереккөз: baq.kz