AҚШ-тың Вашингтон штаты Белфэйр қаласында 26 ақпанда кісі қолынан қаза тапқан екі жасөспірім Қазақстанда туған, америкалық отбасы асырап алған балалар деп хабарлады Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілдігі.
26 ақпанда Белфэйр қаласының тұрғыны, 51 жастағы Дэвид Кэмпбелл әйелі Лана Карлсон мен оның асырап алған екі баласы - 18 жастағы Тори және 16 жастағы Куиннды атып өлтіргені хабарланған.
Адам құқығы жөніндегі уәкілдің баспасөз қызметі құрбан болған 16 және 18 жастағы америкалық азаматтардың Қазақстаннан асырап алынғанын растағанымен, Қазақстан елшілігінде консулдық есепте тұрмағанын хабарлады. "Олардың аты-жөні және осы күнге дейін консулдық есепте не үшін тұрмағаны анықталып жатыр" деді уәкілдің баспасөз хатшысы Рустам Қыпшақбаев.
Белфэйр қаласы полициясының хабарлауынша, Кэмпбелл отбасын атып өлтіргеннен кейін өз-өзіне қол салған. Отбасы асырап алған өзге бір қыз жараланып, ауруханаға жеткізілген.
Дереккөз: azattyq.org