Бүгін Алматыда Қазақстан мен Ресейдің туризмі жөнінде екі жақты туристік форум өтті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Форумның басты міндеті – ресейліктер арасында Қазақстан туризмінің мүмкіншілктерін арттыру.
«Қазіргі жағдайларға байланысты отандастарымыз бен көршілес ресейліктердің қалтасы шетелге барып демалу шығындарын көтере бермейді. Сол себепті ресейлік әріптестерімізбен бірге екіжақты форум ұйымдастырып, туризм саласындағы байланысты нығайтуды көздеп отырмыз»,- дейді Алматы қаласындағы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының жетекшісі Тимур Дүйсенғалиев.
Оның айтуынша, қаңтар айында теңге сәл нығайғаннан кейін жергілікті халық арасында жазғы демалыс жөнінде мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде отандастарымыздың басым бөлігі жазғы демалысты Қазақстан және Ресейде өткізуді ойлайтындарын айтты. Ресей тарапы да дәл осындай қызығушылық танытып отыр. Өткен жылдың 9 айы ішінде Қазақстаннан түрлі мақсаттармен 4 млн адам Ресейге сапар шеккен. Ал Қазақстанға Ресейден, еңбек мигранттарын санамағанда, 2,5 млн адам келген.
Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының жетекшісі айтып өткендей, елімізге бизнес-туризмді дамыту керек.
«Егер бизнес-туризмді жақсылап қолға алсақ, инвесторларымыздың саны артады»,- дейді Тимур Дүйсенғалиев.
Форум аясында Қазақстандағы шипажайлар мен туристік өлкелерде орналасқан қонақ үйлерді реттеу мәселесі көтерілді.
«Туристердің санын арттыру үшін 4-5 жұлдызды қонақ үйлердің жағдайын жасау керек. Елімізге демаламын деп келген азаматтар қайта оралуды ойлайтындай деңгейімізді көтеру қажет»,- дейді «Ел тур» туристік операторы Айжан Кәрімова.
Дереккөз: bnews.kz