Бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы әңгіме қозғай отырып, салық төлемейтін қазақстандықтарды сараң болмай, табысымен бөлісуге шақырды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Медициналық сақтандыру өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған халықты көлеңкелі кәсіптен шығаруға көмектеседі. 2 млн 700 мың адам бүгінде ресми түрде жұмыс істеп, салық төлеп отырған азаматтар секілді тегін медициналық көмек алып отыр. Олардың балалары тегін оқып, тегін кәсіп меңгереді, әлеуметтік жәрдем, зейнетақыдан үмітті. Бірақ олар ел бюджетіне бір тиын салып отырған жоқ, бұл әділетсіздік», - деді Д.Назарбаева.
«Әрине, бір жағынан, мемлекет бұған көз жұмып келді, өйткені бұл адамдар өз-өзін жұмыспен қамтып отыр. Бірақ олардың әрбірі Қазақстан азаматы, егер біз әлеуметтік саланы жоғарғы деңгейге шығарғымыз келсе, жолдарымыздың сапасы жақсы болып, балаларымыздың жақсы білім алғанын және әрбіріміз қартайған шақта лайықты өмір сүруді қаласақ, біз салық төлеуіміз керек. Барлық дамыған елдердің негізі осы», - деді вице-премьер.
Д.Назарбаеваның айтуынша, көптеген мемлекетте салық деңгейі біздің елмен салыстырғанда 2-3 есе көп. Мәселен, Скандинавия елдерінде азаматтардың табысының 60-70 пайызы салық түрінде бюджетке түседі.
«Біздің салық саясатымыз өте либералды, сондықтан ұят болу керек, сараң болмай, табысыңмен бөлісіп, салық төле де, біздің Президент айтатындай, тыныш ұйықта», - деді ол.
Дереккөз:bnews.kz
18 ақпан 2016, 15:58