Лос-Анджелесте қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин (34-0, 31 КО) мен америкалық Доминик Уэйд (18-0, 12 КО) арасындағы жекпе-жектің алғашқы баспасөз мәслихаты өтті. Бұл туралы отандасымыздың ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жарияланды, деп хабарлайды BNews.kz.
Мұның алдында Головкиннің промоутері Том Леффлердің хабарлағанындай, орта салмақтағы чемпиондардың бірімен келісімге келе алмағандықтан, Доминик Уэйдпен жекпе-жек ұйымдастыруға тура келген.
«Дегенмен, алдағы жекпе-жек те бізге оңайға түспейін деп тұр. Уэйд жас әрі жеңіске құштар жігіт», - дейді Леффлер.
Естеріңізге саламыз, Головкин – Уэйд жекпе-жегі 23 сәуір күні Инглвудтағы (АҚШ, Калифорния) «Forum» аренада өтеді. Айта кетейік, Головкин бүгінге дейін кәсіби карьерасында 34 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетсе, 31 қарсыласын мерзімінен бұрын нокаутпен жеңген.
Дереккөз: bnews.kz
17 ақпан 2016, 09:50