Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков ЭКСПО-2017 көрмесіне келетін туристердің саны жоспарлағаннан әлдеқайда көп болады деп топшылауда. Бұл туралы ол бүгін Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің кеңейтілген отырысында мәлім етті.
«ЭКСПО - біздің қаламызға ең қиын емтихан мен сынақ болғалы тұр. Ондай сынақты елорда әлі бастан өткізген емес. Бұл шара 90 күн бойы өтетін болады, 5 миллионнан астам турист келеді деп жоспарлануда. Біз бүгін «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшысымен (Ахметжан Есімовпен) бірге бірлескен кеңес өткіздік. Қазірдің өзінде талдау барысы көрсетіп отыр, туристер бұл межеден де көп болмақ. Астанада күніне қосымша 50 мың адам келіп тұратын болады», - деп атап өтті Ә. Жақсыбеков.
Оның сөзіне қарағанда, қала басшылығының алдында көрме кезінде қызмет көрсету саласын жоғары деңгейге көтеру міндеті тұр.
«Барлық қонақтарды қабылдап, тамақтандырып, қызметін жасап, қаланы тек жақсы қырынан көрсетіп шығуымыз керек. Сондықтан үлкен дайындық болуы тиіс, инфрақұрылым, электр желілерінің, сумен қамту жүйелерінің дайындығы бойынша үлкен жұмыстар атқару керек», - деді қала басшысы.
Дереккөз: ҚазАқпарат