Астана. 9 ақпан. ҚазТАГ – Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында Өзбекстаннан 589,9 мыңнан астам этникалық қазақ оралған, деп хабарлады ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметінен.
«1991 жылдан 2016 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде 261 мың 104 отбасы немесе 957 мың 772 этникалық қазақ тарихи Отанына қайта оралып, оралман мәртебесін алды. Бұл еліміз тұрғындарының жалпы санының 5,5% құрайды», - делінген сейсенбіде таратылған хабарда.
Қазақстанға келген оралмандардың көпшілігі, яғни, 61,6% - Өзбекстаннан келген, сондай-ақ, 14,2% - Қытайдан, 9,2% - Моңғолиядан, 6,8% - Түрікменстаннан, 4,6% - Ресейден және 3,6% - өзге елдерден оралған қандастарымыз.
«Олардың 21,2% - Оңтүстік Қазақстан облысына, 16,3% - Алматы облысына, 13% - Маңғыстау облысына, 9,4% - Жамбыл облысына, 40,1% - еліміздің өзге өңірлеріне қоныстанды», - делінген хабарда.
Елге оралған қандастарымыздың 55,6% - еңбекке қабілетті жаста болса, 18 жасқа дейінгілері - 39,9%, зейнеткерлер - 4,5% құрайды. Еңбекке жарамды оралмандардың 8,8%-ның жоғарғы білімі бар болса, 20,6%-ында орта арнаулы білім бар, 60,8% - жалпы орта білімі бар азаматтар, ал 9,8%-нің білімі жоқ.
Дереккөз: ҚазТАГ