1-2 ақпан күндері Париж қаласында Халықаралық теміржол одағының жиыны өтіп, оған компанияның вице-президенті Берік Қамаливетің басшылық етуімен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ делегациясы да қатысты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Аталған халықаралық ұйым әлемнің 240 теміржол компанияларының басын біріктіріп отыр. Жиын жұмысына Германия (DB), Франция (SNCF), Испания (RENFE), Қытай, Жапония және Ресей теміржол саласының өкілдері қатысты. Екіжақты ынтымақтастықты нығайту, халықаралық жолаушылар тасымалын дамыту, теміржол бекеттерін басқару сынды келелі мәселелер талқыланған жиын барысында Қазақстан темір жолдарының «MERITS-PRIFIS» халықаралық теміржол жолаушыларын тасымалдау жүйесіне енуі туралы меморандум қабылданды. Айта кету керек, әлемнің жетекші теміржол компаниялары аталған жүйенің қатысушысы болып табылады.
Астанада «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін өткізу қарсаңында еліміздің «MERITS-PRIFIS» жүйесіне кіруінің маңызы зор болып отыр. Бұл Қазақстанға ХТЖО-ға қатысушы елдердегі жолаушылар пойыздарының бағыттары, кестесі және бағасы туралы шетелдік теміржол әкімшілерімен ақпарат алмасуына мүмкіндік береді. Қазақстанға келетін шетелдік туристер өз елдерінде Қазақстандағы пойыз қозғалыстарын жоспарлап, алдын ала онлайн режимде билеттер сатып ала алады.
ҚТЖ делегациясы, сондай-ақ, «Теміржол бекеттерін басқару жөніндегі жаһандық топ» халықаралық форумына да қатысты.
Дереккөз: bnews.kz
3 ақпан 2016, 19:28