newskaz.kz.Алматы. 3 ақпан. ҚазТАГ – Алматыда үш баланы құтқарған 11 жасар баланы марапаттады, деп хабарлады қаланың ТЖД баспасөз қызметінен.
«Алматы қаласы Алатау ауданындағы №152 мектептің акті залында кіші қарындастары мен інісін құтқарған батыр-баланың құрметіне салтанатты жиын өтті. Адам өмірін құтқаруда көрсеткен ерлігі мен өжеттігі үшін Данияр ҚР ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың атынан «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төс белгісіне лайық деп танылды», - делінген хабарда.
Төс белгіні Д.Сатыбалдыға Алматы қаласы «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығы Р.Қасыбаев тапсырды.
Баспасөз қызметі еске салғандай, өрт 2015 жылдың 29 қарашасында орын алған. Уақытша тұратын үйдің бөлмесінен өрт шыққанда өрт сөндірушілердің келгенін күтпестен 11 жасар бала терезені сындырып, кіші қарындастары мен інісін кезек-кезегімен сыртқа шығарған.
Дереккөз: ҚазТАГ