Фото: Kapital.kzАстана. 1 ақпан. Baq.kz - Иву қаласында (Шығыс Қытай, Чжэцзян провинциясы) Қазақстан аумағы арқылы Иранға транзиттік контейнерлік пойызын жөнелту салтанаты өткізілді, деп хабарлайды «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
Салтанатты шараға Иву қаласының мэрі Шэнь Цзю Пинь мен Қытай темір жол әкімшілігінің басшылары, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Translnvest Group халықаралық логистикалық холдингінің өкілдері қатысты.
Жаңа контейнерлік бағдар Қытай, Қазақстан, Түркіменстан, Иран темір жол әкімшіліктерінің бірлескен ұйымдастыру шараларының нәтижесінде жүзеге асырылды. Бұл жоба Шығыс Қытайдан Парсы шығанағы елдеріне жүктерді жедел жеткізуге арналған алғашқы логистикалық шешім болып табылады.
Пойыз бағдары Қытай темір жолы, Алашанкау-Достық шекаралық бекеті, Қазақстанының жаңа темір жол желісі (Жезқазған-Бейнеу, Өзен-Болашақ), әрі қарай Түркменстан желісімен Иранның Тегеран қаласына барады.
Пойыз құрамы аралас жүктер тиелген 40 футтық контейнерлерден тұрады. Бағдардың жалпы ұзындығы 9 мың шақырымнан астам. Құрғақтағы темір жолмен 10 тәулікте жүріп өтсе, ол аралықты теңіз арқылы 25-30 күн жүреді.
Қазақстанның жаңа көліктік-логистикалық инфрақұрылымы бағдарды барынша қысқартып, жүкті жеткізу мерзімін жеделдетіп, Еуразиялық құрлықтағы аймақтық сауданың серпінді дамуына ықпал етеді.
Контейнерлік тасымалды дамыту - еліміздің транзиттік әлеуетін еселей арттырып, бәсекелестікке қабілеттілігін де көтере түседі.
Дереккөз:baq.kz