Республикада мәслихат депутаттығына барлығы 1050 кандидат ұсынылды деп мәлімдеді ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов.
АСТАНА, 1 ақп — Қазақстан жаңалықтары АА. Республикада мәслихат депутаттығына барлығы 1050 кандидат ұсынылды деп мәлімдеді ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов.
"Республикада мәслихат депутаттығына барлығы 1050 кандидат ұсынылды. Олардың ішінде: 107-сі — облыстық, Астана және Алматы қалалық мәслихаттарына, 804-і — аудандық мәслихаттарға, 139-ы — қалалық мәслихаттарға. 2 кандидатты саяси партиялар, ал 1048-і өзін-өзі ұсынып отыр», — деді Мелдешов дүйсенбіде брифингте.
Оның атап өтуінше, қазіргі сәтте ұсынылған кандидаттардың басым бөлігі, нақты айтқанда, 239-ы Солтүстік Қазақстан, 197-сі Қарағанды, 132-сі Шығыс Қазақстан, 95-і Қостанай облыстарынан тіркелген.
«Ұсынылған кандидаттардың бесеуі Қазақстан Республикасы саяси партияларының мүшелері, 553-і партияда жоқ, тағы 492-сі өзінің партияға тиесілі екенін көрсетпеген. Ұсынылған кандидаттардың арасында 16 ұлттың өкілі бар. Ер адамдар — 693, әйелдер — 357. Орташа жасы — 41 жас», — деп қосты Мелдешов.
ОСК хатшысының мәліметтеріне қарағанда, 720 кандидаттың жоғары білімі, 257-сінің арнаулы орта және 72-сінің орта білімі бар. Кандидаттардың 56 пайызы мемлекеттік мекемелерде, ұйымдарда және кәсіпорындарда, 38 пайызы коммерциялық құрылымдарда жұмыс жасайды, 6 пайызы басқа кәсіппен айналысады. Округтік сайлау комиссиялары 28 кандидатты тіркеді.
Дереккөз: newskaz.kz