Өзбекстан еліміздің оңтүстік өңірлерінде жеміс-жидек өсіруге мүдделі, кейін өнім экспортқа шығарылады. Бұл туралы бүгін журналистерге «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев жеткізді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, өзбек кәсіпкерлері өз елінен гөрі Қазақстанда бизнес құрған тиімдірек деп есептейді.
«Кеше, мәселен, көкөніс пен жеміс-жидекті шетелге экспорттайтын ірі өзбек компаниясының өкілдері келді. Олардың айтуынша, қазір Қазақстанда өте жақсы инвестициялық климат қалыптасқан. Олар еліміздің төрт өңірі – Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы және Қызылорда облыстарына жеміс-жидек өсіруге қызығушылық танытып отыр», - деді Н.Әлтаев.
Ол Ұлттық кәсіпкер палатасы «Alifar Agroimpex» компаниясына Қазақстанда бизнес жасауға көмек көрсететінін атап өтті.
«Мемлекет басшысы қазақстандық нарыққа инвесторларды мейлінше тартуға тапсырма берген болатын. Бұл ретте Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2016 жылға осы міндетті маңызды мақсаттардың бірі етіп қойып отыр. Сондықтан біз АҚШ, Қытай, Ресей және басқа да жақын жатқан мемлекеттермен жұмыс жасап жатырмыз», - деді Н.Әлтаев.
Дереккөз: bnews.kz
20 қаңтар 2016, 12:25